Бүгін Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі – металлургия туралы тағы бір мәрте сөз етуге болады. Бұл саланың экономикасында Treatment Charges (қысқаша TC) деп аталатын маңызды көрсеткіш бар. Бұл – металлургиялық шикізатты, мысалы, мыс немесе мырыш концентратын балқыту зауытында бастапқы өңдеу және балқыту үшін төленетін ақы.
Осы тақырып төңірегінде, менің байқауымша, салада үлкен пікірталас жүріп жатыр. Атап айтқанда, мыс концентратын өңдеу тарифін анықтау әдістемесіне қатысты мәселе бар. Қазір Қазақстанда ол негізінен екі сұраққа келіп тіреледі: әлемдік TC нөлге жуықтап тұрған кезде ішкі тариф металлургиялық кәсіпорынның шығындарын ескеруі керек пе? Тарифті есептеу кезінде алтын, күміс, күкірт қышқылы және өңдеу барысында алынатын басқа да өнімдерден түсетін кірісті автоматты түрде шегеру қажет пе?
Екі сұрақтың да қисыны бар. Алайда оған жауап беру үшін қызметтің нарықтық бағасы мен өндірістің нақты экономикасын ажырата білу керек.
Қараңыз. Биыл әлемдік TC көрсеткіші алғаш рет концентраттың бір тоннасына шаққанда нөл доллар деңгейінде қалыптасты, ал споттық мөлшерлемелер 2024 жылдан бері теріс мәнде тұр. Бұл ретте нарықтағы мыстың бағасы жоғары деңгейде. Бір қарағанда парадокс туындайды: егер өңдеушілер концентратты іс жүзінде ақысыз өңдеуге дайын болса, онда оны өңдеу шынымен соншалықты арзан болғаны ма? Әрине, олай емес.
Treatment Charges – ең алдымен концентраттың қолжетімді көлемі мен балқыту қуаттарының арақатынасына байланысты қалыптасатын нарықтық баға. Бүгінде балқыту кәсіпорындарының саны мен қуатына қарағанда концентрат жеткіліксіз. Сондықтан өңдеушілер шикізат үшін бәсекелесіп, өз өндірістік қуаттарын жүктеу үшін тарифтерді төмендетіп жатыр.
Бұл нарыққа әсіресе Қытайдағы металлургия өндірісінің кеңеюі қатты әсер етті. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттарының өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі. Ал 2025 жылға қарай Қытайдың әлемдік балқыту қуаттарындағы үлесі шамамен 50 пайызға жеткен.
Алайда TC тарифінің төмендеуі электр энергиясына, отынға, жұмыс күшіне, жөндеуге, реагенттерге, экологиялық инфрақұрылымға және өндірісті жаңғыртуға жұмсалатын шығындарды жойған жоқ. Нарықтағы өңдеу ақысы нөлге түсті, бірақ өңдеудің өзіндік құны жоғалған жоқ.
Сондықтан қазіргі әлемдік TC көрсеткішін Қазақстан үшін өңдеу құнының ұзақмерзімді бағдары ретінде автоматты түрде қолдануға болмайды.
Екінші мәселе алтынға, күміске, күкірт қышқылына және концентратты өңдеу барысында алынуы мүмкін басқа да өнімдерге қатысты. Мұнда логика қарапайым көрінеді: егер зауыт олардан қосымша кіріс алса, неге осы соманы өңдеу құнынан шегермеске?
Алайда мұнда экономикалық теориядағы маңызды бір мәселе бар: кіріс пен пайда – екі түрлі ұғым. Тауарлық өнім алу үшін қосымша технологиялық кезеңдер, жабдық, энергия, реагенттер, жұмыс күші, экологиялық инфрақұрылым және инвестициялар қажет.
Сонымен қатар мұндай кірістің көлемі нақты концентраттың құрамына, металдарды алу коэффициенттеріне және нарықтағы бағаларға байланысты болады.
Халықаралық энергетика агенттігі атап өткендей, TC іс жүзінде нөлге түскеннен кейін балқыту кәсіпорындары ілеспе өнімдерден түсетін кіріске көбірек тәуелді бола бастайды. Алайда мұндай кірістер табиғаты жағынан құбылмалы.
Бұдан бөлек, мысты алудың тиімділігі деген тағы бір маңызды мәселе бар. Қазақстандағы қолданыстағы кәсіпорындарда технологиялардың бір бөлігі ескірген, сондықтан металды алу коэффициенттері ең заманауи өндірістермен салыстырғанда төмен болып отыр.
Қытайдағы озық кәсіпорындарда мысты алу көрсеткіші шамамен 98–99 пайызға жетсе, біздің зауыттарда бұл көрсеткіш 95–96 пайыз деңгейінде. Бірнеше пайыздық айырмашылық аз болып көрінуі мүмкін. Алайда үлкен көлемдегі шикізатты өңдеген кезде бұл өндірісті жаңғырту арқылы қосымша алынуы мүмкін металдың едәуір көлемін білдіреді.
Сондықтан ілеспе өнімдерден түсетін барлық кірісті TC тарифін төмендетуге тиіс ресурс ретінде автоматты түрде есептеу экономикалық тұрғыдан толық дұрыс емес.
Оның үстіне мұндай тәсіл кері ынталандыру тудырады: кәсіпорын шикізат құрамындағы компоненттерді неғұрлым тиімді алып, оны неғұрлым терең өңдеген сайын, негізгі өңдеу үшін төленетін ақы соғұрлым көбірек төмендетіледі. Мұндай модель инвестицияға ынталандыра қоймайтыны анық. Керісінше, ол инвестиция көлемін шектеуі мүмкін.
Мәселеге тереңірек қарасақ, негізгі түйткіл нақты TC көрсеткіші төңірегіндегі даудан да ауқымдырақ екенін көреміз. Қазіргі заманғы мыс балқыту кәсіпорындары маңызды өнеркәсіптік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып келеді.
Халықаралық энергетика агенттігі атап өткендей, олар тек негізгі металды өндіріп қана қоймайды. Сонымен қатар бірқатар ілеспе маңызды материалдарды алуды қамтамасыз етеді, кейінгі өндірістік тізбектерді қолдайды және қайталама шикізатты өңдеу қуаттарын қалыптастырады.
Бұл ретте әлемдік мыс балқыту саласы елеулі қысымға ұшырап отыр. Мыстың бағасы рекордтық деңгейге жеткенімен, оны өңдеу ақысы тарихи ең төмен деңгейге түсті. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, көптеген тәуелсіз балқыту кәсіпорындары экономикалық қысымның күшеюіне тап болуы мүмкін.
Бұл біз үшін нені білдіреді?
Қазақстан үшін осыдан іргелі бір сұрақ туындайды. Оны былай тұжырымдауға болады: «Өз металлургиямыздың ұзақмерзімді экономикасы қазіргі жаһандық теңгерімсіздік салдарынан қалыптасқан баға белгісіне тәуелді болуы керек пе?»
Қараңыз. Әлемдік TC тарифі жаһандық концентрат нарығындағы қазіргі жағдайды көрсетеді: қолжетімді шикізат пен балқыту қуаттарының арақатынасын, кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу үшін бәсекелестігін және нарық қатысушыларының келіссөздердегі позициясын сипаттайды.
Бұл – нарықтық баға белгісі, нақты өңдеу шығындарының көрсеткіші емес. Сондықтан оны ішкі тарифті анықтау әдістемесінің негізіне айналдыру Қазақстан металлургиясының экономикасын айтарлықтай өзгеруі мүмкін жаһандық нарық конъюнктурасына байлап қоюды білдіреді.
Бұл – құбылмалылығы өте жоғары нарық. Мұндағы жағдай өзгеруі мүмкін.
Алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа да өнімдерден түсетін кірістер де өңдеу ақысының тікелей баламасы емес. Олардың көлемі концентраттың құрамына, технологияға, металды алу деңгейіне, қосымша шығындарға және нарықтағы бағаларға байланысты.
Мұндай кірісті өңдеу құнынан автоматты түрде шегеру өндірістің тиімділігі мен өңдеу тереңдігі артқан сайын негізгі өндірістік қызметтен түсетін кірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Меніңше, Қазақстанда TC тарифін анықтаудағы міндет ішкі нарықты әлемдік экономикадан оқшаулау немесе белгілі бір кәсіпорынның табыстылығына кепілдік беру емес. Мұнда әлдеқайда күрделі міндетті шешу қажет: өндіріс бәсекеге қабілетті болып қалатын, ал ішкі өңдеу экономикалық тұрғыдан жұмыс істеуге, жаңғыртуға және жаңа қуаттарға инвестиция салуға мүмкіндік беретін ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыру.
Сондықтан әдістеменің нақты параметрлеріне қатысты пікірталас қажет. Шығындар негізделген болуы керек, инвестициялар ашық көрсетілуі тиіс, ал нарық қатысушылары не үшін ақы төлейтінін түсінуі қажет.
Сонымен қатар өңдеу экономикасын бір ғана әлемдік көрсеткішпен алмастыруға болмайды.
Тағы бір мәрте қайталаймын: нөлдік TC концентрат пен балқыту қуаттарының қазіргі арақатынасын көрсетеді, бірақ бұл өңдеу тегін болды дегенді білдірмейді.
Дәл осы айырмашылықты Қазақстан тек мыс шикізатын өндірумен шектелмей, металлургия мен кейінгі өндірістік кезеңдерді ел ішінде сақтап қалғысы келсе, ескеруі қажет.
Одан да маңыздысы – осы саланы одан әрі дамытып, оны барған сайын бәсекеге қабілетті ету.
Юрий Масанов