Теңіз кен орны 2033 жылдан бастап қалай жұмыс істеуі керек деген сауал төңірегінде бір жылдан бері белсенді келіссөз жүргізіліп келеді. Қайдан шыққаны белгісіз, БАҚ-та жабық әрі құпия келіссөздердің нақты деректері жария болды. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан жобадағы үлесін 35%-ға дейін ұлғайтып, біржолғы 10 млрд доллар төлем алғысы келеді. Алайда мұндай ақпараттың жария кеңістікке шығуы бірден «бұдан кім ұтады?» деген сұрақ туындатады.
Ulysmedia.kz кен орнының шын мәнінде қанша тұратынын және құпия ақпараттың тарауына кім мүдделі болуы мүмкін екенін анықтауға тырысты.
Теңіз кен орны – Қазақстанның мұнай өнеркәсібндегі «үш алыптың» алғашқысы. Оны игеру туралы келісімшарт 1993 жылы 40 жыл мерзімге жасалған. Өнімді бөлу туралы келісімнен кейін Қарашығанақ пен Қашаған бойынша да келісімдер жасалды, олардың мерзімі кейіндеу аяқталады. Ал осы келісімдерді ұзарту қаншалықты сәтті болатыны Теңіз бойынша келіссөздердің қорытындысына байланысты.
Қазір кен орнын игерудегі үлестер былай бөлінген: Chevron – 50%, ExxonMobil – 25%, ҚМГ – 20%, Lukoil – 5%.
Жақында Bloomberg агенттігінің таратқан ақпараты арқылы ақпарат кеңістігіне кейбір деректер тарап кетті: келісімшартты ұзарту үшін Қазақстан өз үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуды және біржолғы 10 млрд доллар төлеуді талап етіп отыр-мыс. Бұған дейін кен орнындағы америкалық серіктестер біржолғы төлем ретінде 1,5 млрд доллар ұсынғанын, ал үлестерді қайта қарау туралы мүлде сөз болмағанын ескерсек, жария болған жаңа сандар Қазақстан тарапының сөзсіз жеңісі сияқты көрінеді. Бірақ бұл шын мәнінде солай ма?
2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Chevron 12,1 млрд доллар көлемінде рекордтық таза пайда тапты. Мұнай өндіру көлемі де рекордтық деңгейге жетіп, тәулігіне 4,07 млн баррель мұнай баламасын құрады. Бұл өсімге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – Теңіз. Оның жиынтық өңдеу қуаты тәулігіне 1 млн баррельден асты.
«Теңізшевройл» ЖШС есебіне сәйкес, 2025 жылы компания 39 млн тонна мұнай немесе 311,3 млн баррель мұнай өндірген. Қазақстанға тікелей қаржылық төлемдер 10,6 млрд долларды құрады.
Алайда бұл соманың ішінде тек салықтар мен роялти ғана емес, мемлекеттік компанияларға төлемдер, қазақстандық акционерге бөлінетін пайда, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сондай-ақ жергілікті жұмысшылардың жалақысы да кіреді.
«Теңізшевройл» ЖШС жылдық есебінен
10 МЛРД ДОЛЛАР КІМНІҢ ҚАЛТАСЫНАН ШЫҒАДЫ?
Консорциум мүшелері жыл сайын қомақты қаржы тауып отыр.
– Менің болжамым бойынша, 2026 жылы ТШО-ның операциялық пайдасы 20–25 млрд доллар, ал таза пайдасы шамамен 6 млрд доллар болады. Бұған қоса, компанияда 30 млрд доллар көлемінде бөлінбеген пайда бар, – дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Ulismedia.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Қазір мұнай бағасы өсіп келеді, ал қазақстандық мұнайдың бағасы одан да жоғары. Оның айтуынша, Қазақстан БАҚ мәліметіне сәйкес біржолғы төлем ретінде талап етіп отырған 10 млрд долларды компания бір жылдан сәл астам уақытта қайта өндіріп алады. Ал кен орнын бірнеше ондаған жыл бойы пайдаланады.
Нұрлан Жұмағұлов, фото: ОКҚ
Сонымен қатар Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, бұл төлемнің бірнеше принципті талапқа сай болуы өте маңызды.
– Ең бастысы, бұл 10 млрд доллар акционерлер тарапынан, «ҚазМұнайГаздың» қатысуынсыз төленуі керек. Яғни әр акционер – Chevron, ExxonMobil, егер қалса, «Лукойл» – өз үлесін төлеуге тиіс. Бұл ақша ТШО-ның айналым қаражатынан емес, оның акционерлерінің қалтасынан шығуы керек, – дейді ол.
Мұнай-газ нарығының сарапшысы, Pace Telegram-арнасының авторы Асқар Исмаилов тағы бір маңызды шартты атап өтті: бұл ақша Қазақстанға 2033 жылы емес, қазір қажет.
– Әрине, Теңіздегі серіктестеріміз ақшаны белгілі бір уақыт ішінде тең бөліп төлеуді қалауы мүмкін. Тіпті бұл соманы бізге 2033 жылға таман, яғни келісімшартты ұзарту мерзімі келгенде төлеуді ұсынуы ықтимал. Өйткені қазір берілетін 10 млрд доллар мен бес жылдан кейін төленетін 10 млрд доллардың құны екі бөлек, – дейді ол.
Бұл мәселелер Қазақстан мен қазақстандықтар үшін аса маңызды. Өйткені халық – Қазақстанның жер қойнауындағы барлық байлықтың иесі. Сондықтан, біріншіден, халық өз мұнайы үшін ТШО арқылы өзі төлем жасамауы керек. Екіншіден, өз кен орнын әрі қарай пайдаланғаны үшін төлемді бес жыл күтпеуі тиіс.
«ҚАЗМҰНАЙГАЗҒА» БАЛАМА
Сарапшылардың пікірінше, тағы бір айла болуы мүмкін.
– ҚМГ-ның жобадағы үлесін 35%-ға дейін арттыру туралы айтылды. Бұл қазіргі деңгейден 15 пайыз жоғары. Егер үлес 2028 жылы, яғни қолданыстағы келісімшарт аяқталғанға дейін бес жыл бұрын ұлғайтылса, осы бес жыл ішінде «ҚазМұнайГаз» шамамен сол 10 млрд долларға тең қосымша пайда алады. Бірақ мұнда ҚМГ-ның мемлекетпен тең емес екенін түсіну өте маңызды. Оның өз қажеттіліктері бар және ол қаржыны соларға жұмсауы мүмкін. Мысалы, сейсмикалық барлау, жаңа ұңғымалар бұрғылау немесе әлеуметтік жобалар салу. Бұл республикаға тікелей төленетін дивиденд емес, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Асқар Исмаилов Қазақстанның Теңіздегі үлесін арттыру міндетті түрде ҚМГ-мен байланысты болуы керек деген пікірмен келіспейді.
– «ҚазМұнайГазда» жетілу кезеңіне өткен кен орындары өте көп. Жыл сайын оның операциялық шығындары артып келеді. Бұған қоса, еңбекақы қорын жыл сайын 10%-ға арттыру міндеті қарастырылған ЕСОТ бағдарламасы бар. Егер бұл шығындар компанияның ТШО-дағы үлесі есебінен өтелетін болса, бұл ел бюджеті үшін мүлде тиімсіз, – дейді Асқар Исмаилов.
Асқар Исмаилов, фото: жеке мұрағатынан
Оның пікірінше, Теңіз мұнайындағы ілеспе газдың үлесі артып келе жатқанын ескерсек, консорциум құрамында «ҚазГаз» АҚ-ның пайда болуы әбден қисынды. Оның үлесі «ҚазМұнайГаздың» қатысуынсыз, консорциумдағы басқа қатысушылардың үлестерін қайта қарау есебінен қалыптасуы керек.
САУДАҒА САЛЫНАТЫН МӘСЕЛЕ
Алайда үлесті бөліске салмас бұрын, мына мәселені түсініп алу керек: бұл сандар ақпарат кеңістігінде неге тарады?
Нұрлан Жұмағұловтың болжамынша, деректердің тарауына Теңізді игеріп отырған шетелдік компаниялардың өзі түрткі болуы мүмкін.
– Мендегі ақпаратқа сәйкес, «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның үлесін 50%-дан жоғары деңгейге жеткізуді көздеген. Бұл – әділ бөлініс, – дейді ол.
Иә, Теңіз – жетілген кен орны. Бірақ ол кем дегенде тағы 20 жыл бойы өнімді болады. Сондықтан Қазақстан өз мұнайын сатудан түсетін табыстың кемінде жартысын талап етуге құқылы.
Energy Analytics директоры Абзал Нарымбетовтің пікірі де осыған саяды.
– «Қазақстан 10 млрд доллар және 35% талап етіп отыр» деген тақырып қатаң позиция сияқты естіледі. Ал мәселені дұрыс қырынан көрсетсек, былай болуы керек: Қазақстан 2033 жылдан кейінгі жылдарда елдегі ең ірі кен орнының 65%-ын біржолғы төлемге айырбастауға дайын, – деп жазады ол.
Нарымбетовтің айтуынша, шын мәнінде 2033 жылдан бастап Теңіздің 100%-ы Қазақстанға тиесілі болады. Ал ел кен орнын игеру бойынша серіктес ретінде кімдерді және қандай шартпен шақыратынын өзі шешуге құқылы.
Абзал Нарымбетов, фото: «Казахстанская правда»
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның 35% үлесі – елге емес, Теңіздегі серіктестерге тиімді мардымсыз көрсеткіш.
Мұндай жағдайда, кен орнындағы мұнай өндірісінің төмендеуі әзірге талқыланып жатқанымен, нақты бекітілмегенін ескерсек те, шетелдік компаниялар Теңізді пайдалану үшін төлейтін біржолғы төлемді шамамен бір жылдың ішінде-ақ қайтарып алады.
– Ауқымын түсіну үшін ExxonMobil-дің болжамын негізге алуға болады. Оған сәйкес, 2035 жылға қарай мұнай өндіру тәулігіне шамамен 500 мың баррельге дейін төмендейді. Бұл жағдайда 65% – жылына шамамен 120 млн баррель. Бір баррель мұнайдың бағасы 70 доллар болса, бұл жыл сайынғы шамамен 8 млрд доллар кіріс деген сөз, – деп еске салады ол.
Нарымбетов БАҚ-та жария болған сандарды негізге алмауға шақырады. Себебі қоғам осы көрсеткіштерді қабылдап қойса, кейін соларға жақын кез келген нәтиже келіссөздердің сәтті аяқталғаны ретінде көрсетілуі мүмкін. Тіпті шын мәнінде берілетін құқықтардың әлеуетті құны әлдеқайда жоғары болса да.
ТЕҢІЗ – ГЕОСАЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ФАКТОРЫ
Ulysmedia.kz тілшісі тілдескен өзге сарапшылар да бұл сандарды келіссөздегі бастапқы бағдар деп санайды. Олардың бәрінің пікірі үндес: қазір Ормуз бұғазындағы жағдай мен геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі аясында Қазақстанның келіссөздегі ұстанымы бұрын-соңды болмаған деңгейде мықты.
Америкалық компаниялар Теңізден кеткісі келмейді. Бірақ олардың кетуі бізге де тиімсіз. Біріншіден, Теңіздің геологиясы өте күрделі, ал мұнай құрамында күкірт қоспасы көп. Жобаны толыққанды игеру үшін бізге шетелдік технологиялар қажет. Екіншіден, Теңізді өз бетінше игеру геосаяси тәуекелдерге алып келеді.
– Америкалық инвестициялар бізге тек мұнай өндіру және бюджет кірісін толықтыру тұрғысынан ғана қажет емес. Қазақстанға өзінің көпвекторлы саясаты мен геосаяси икемділігін сақтап, Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру үшін де америкалық инвестициялар керек. Өйткені америкалық инвестициялар болмаса, Қазақстан Ресей мен Қытайдың қысымы күшейгенін өте тез сезінеді, – дейді Асқар Исмаилов.
Нұрлан Жұмағұлов мұнайды өндіру жеткіліксіз екенін, оны сатып алушыларға жеткізу де қажет екенін еске салды. Бұл бағытта Қазақстанның КҚК-дан басқа айтарлықтай баламасы жоқ.
– 2022 жылғы ақпандағы оқиғалардан кейін жағдай өзгере бастағанда, АҚШ не істеді? АҚШ Қаржы министрлігі КҚК санкцияға ілінбейтінін және оған санкциялар қолданылмайтынын көрсететін арнайы қаулы шығарды. Құбыр Ресей аумағы арқылы өтеді, онда «Лукойл» мен «Транснефть» компанияларының да қатысуы бар. Бірақ біз қазір америкалықтарды қуып жіберсек, бәрі жақсы болатынына кім кепіл? – дейді ол.
Сондықтан сарапшылардың айтуынша, Теңіз жөніндегі келісімді қайта қарау мәселесі өте күрделі. Олардың пікірінше, әзірге БАҚ-та жарияланып жатқан барлық сандар қоғамның пікірін «байқап көруге» және шенеуніктердің реакциясын бағалауға жасалған әрекетке көбірек ұқсайды.
Мүмкін, осы арқылы келіссөз жүріп жатқан шығар? Оны жоққа шығаруға болмайды. Жағдайдың дәл осылай болғанын қалайтын тарап та болуы мүмкін. Ал нақты келіссөздерде Қазақстанның бұдан да қатаң талаптары айтылып жатқан шығар.
– Меніңше, келіссөздер қандай параметрлер аясында жүргізілетінін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Майамидегі G20 саммитіне сапарының қорытындысынан кейін білеміз. Мұндай маңызды мәселелерді Мемлекет басшысының өзі талқылауы ықтимал, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Біржолғы төлем мен жобадағы активтердегі үлес – мәміленің бір бөлігі ғана. Бұдан да маңызды мәселелер бар.
«Теңізшевройл» немесе оның мұрагері қандай салық режимімен жұмыс істейді? Оның басқа да міндетті төлемдері қалай бөлінеді? Компания жұмыстарындағы қазақстандық қамту үлесі қандай болуы керек?
Маңызды мәселе көп. Соның ішінде уақыт факторы да бар. Жаңа келісімшарт қашан жасалады? 2033 жылы ма, одан ерте ме, әлде кейін бе?
Қазір Қазақстан шетелдік мейджорлармен жетілдірілген үлгілік келісімшарттар жасасып жатыр. Олар инвесторларға тұрақтылыққа кепілдік береді, сонымен қатар инвесторларға бірқатар қатаң талап қояды. Олардың ішінде тауарлар мен қызметтердің кемінде 70%-ын қазақстандық жеткізушілерден сатып алу, ішкі нарыққа өнім жеткізу міндеттемесі, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (НИОКР) және жергілікті бюджеттерге бағытталған қаражатты бақылау бар.
Теңізді игеріп отырған компаниялар осы талаптарға көше ме? Егер көшпесе, Қазақстанның дамуына қосатын үлесін тағы қалай арттырмақ? Қосымша роялти мөлшерлемесі кемінде 25%-ға дейін көтеріле ме, әлде шетелдік компаниялар оны қазіргі 15% деңгейінде қалдыруға тырыса ма?
Аталған сауалдың бәрі, сондай-ақ Қазақстанның кен орнындағы үлесін кемінде 50%-ға дейін арттыру мәселесі келіссөздердің негізгі тақырыбына айналуы тиіс.
Бірақ ең бастысы – қоғам мына нәрсені түсінуі керек: Қазақстанның үлесін 35%-ға дейін арттырып, біржолғы 10 млрд доллар төлеуге келісуі – шетелдік инвесторлардың елге жақсылық жасап отырғаны емес. Керісінше, Теңізді игеру арқылы табыстың жартысын немесе соған жуық бөлігін алуға мүмкіндік беру арқылы Қазақстан оларға жеңілдік жасап отыр.
Біздің кен орындарымыз, соның ішінде Теңіз де – ұлттық ресурс. Қазақстан шетелдік серіктестерден сатып алуға тиіс актив емес.
Сондықтан мәселе бізге қанша пайыз үлес алуға рұқсат берілетінінде емес. Мәселе – мемлекет инвесторларға кен орнын әрі қарай игеру құқығын қандай шартпен беруге дайын екенінде.