Астана қаласының экономикалық соты сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың оның бұрынғы келіні Назым Қахарманға қатысты талап арызын ішінара қанағаттандырды. Сот Нұрлыбекова талап еткен 14 млн теңгенің 6,6 млн теңгесін Қахарманға тиесілі NazKa ЖК-дан өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар Нұрлыбекованың 10,6 млн теңге өндіру туралы тағы бір талабын сот қараусыз қалдырды. Осы іс бойынша Нұрлыбекова Қахарманның сот шығындарын өтеу үшін оған 1 млн теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Нұрлыбекова Астанадағы Шолпан Иманбаева көшесінде орналасқан ғимаратқа иелік етеді. 2023 жылдың қарашасында ол бұл нысанды алты жыл мерзімге Қахарманның сенімгерлік басқаруына берген. Келісімшарт талаптарына сәйкес, бұрынғы келіні ғимаратты меншік иесінің мүддесі үшін басқаруға тиіс болған.
Қахарман басқа кәсіпкерлермен екі жалға алу шартын жасасып, жалдау ақысын алған. Алайда Нұрлыбекованың айтуынша, бұл қаражатты нысан иесіне аудармаған және толық есеп бермеген.
2024 жылдың шілдесінде Нұрлыбекова келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберіп, кейін сотқа жүгінді. Ол NazKa-дан 14 млн теңге өндіріп беруді талап етті.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот талаптарды екі бөлікке бөліп қараған.
Бірінші талап бойынша Нұрлыбекова Қахарман жалға алушылардың бірінен шамамен 5,8 млн теңге алғанын мәлімдеген. Алайда сот бұған жеткілікті дәлел таба алмады. Сот отырысында жалға алушы ақша Қахарманға берілмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, келісімшарт бойынша оған жалдау ақысына жеңілдік берілген.
Осыған байланысты сот талаптың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тартты.
Ал екінші талап бойынша сот Қахарманның басқа жалға алушыдан шамамен 8,2 млн теңге алғанын растады. Бұл сомадан жалға алушыға қайтарылған 1,2 млн теңге және салық ретінде төленген 370 мың теңге шегерілді.
Осылайша, сот NazKa-дан Нұрлыбекованың пайдасына 6 665 391 теңге негізгі қарыз, 66 654 теңге мемлекеттік баж және өкіл қызметіне 666 539 теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Қалған 7,4 млн теңге бойынша сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Екінші талап Нұрлыбекованың өзіне қарсы шешілді
Сонымен қатар сот Нұрлыбекованың NazKa-ға негізсіз баюға қатысты берген тағы бір талабын қарады. Ол 10,6 млн теңге өндіруді талап еткен. Алайда сот бұл талапты қараусыз қалдырып, Нұрлыбекованы Қахарманның өкіл қызметіне жұмсаған шығындары үшін 1 млн теңге төлеуге міндеттеді.
Екі тарап та сот шешіміне шағым түсіре алады.
Қахарман бұл талаптарды қысым деп есептейді
Бұған дейін Назым Қахарман Бишімбаевтар отбасы кейінгі екі жылда оған қарсы төртінші рет сотқа жүгініп отырғанын айтқан.
— Бұл кейінгі екі жылдағы маған қатысты төртінші талап, бірақ бұрынғы енемнің алғаш рет берген талабы. Олардың әлемінде мен бәріне кінәлі сияқтымын: ажырасқаныма да, өз пікірімді айтқаныма да, балалардың олармен араласқысы келмейтініне де, — деген еді Қахарман.
Оның айтуынша, фитнес-клуб жұмыс істеген ғимарат Бишімбаевтың анасына тиесілі болған, ал Қахарман бизнесті келісімшарт негізінде басқарған. Енді осы келісімшарт қаржылық талаптарға негіз болып отыр.
Қахарман сонымен қатар алимент толық төленбегенін айтып, қарсы талап арыз беруі мүмкін екенін мәлімдеген.