Өткен аптада Қазақстанның Даму банкі мектеп құрылысына қаржы бөлетіні туралы жаңалық шықты. Жеке мектеп. Баспасөз хабарламасында айтылғандай, инновациялық білім ордасы. Қазақстанға мектеп керек екеніне ешкім дау айтпайды. Алайда елдің экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар, қыруар қаржы қажет ететін ірі жобаларды қаржыландыру мақсатында құрылған институттың мектепке қандай қатысы бар?
Даму банкі тағы қандай жобаларды қаржыландырып отыр және ол талапшыл несие мамандарын қонақүй де, мектеп те, аурухана да Қазақстан үшін стратегиялық инвестиция екеніне сендіре алатындар мен құрығы ұзындарға арзан несие беретін мекемеге айналып кетпеді? Ulysmedia.kz анықтап көрді.
МЕКТЕП КЕРЕК, ӨНЕРКӘСІП ШЕ?
Қазан айының алғашқы онкүндігінің соңында Қазақстан Даму банкінің сайтында бүгінгі таңда қаралып жатқан 108 жоба жарияланды. Олардың арасында құжат жинау сатысындағы жобалар да, индикативтік талдаудан өтіп, мақұлдануға шақ қалғандары да бар.
Жеңілдетілген несие түрінде миллиардтаған қаржы алуға үмітті жобалардың қатарында металлургия зауыттары, кен байыту кешендері, химия өндірістері, астық пен ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу кәсіпорындары, энергетика нысандары, теміржолдар, газ құбырлары, деректер орталықтары бар.
Алайда осы ірі өнеркәсіп жобаларының бәрі кезегін күтіп тұрғанда, 8 қазанда Даму банкінің Атыраудағы жекеменшік мектеп құрылысына қаржы бөлуді мақұлдағаны белгілі болды.
Қаржыландыру көлемі әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен Farabi International School жобасының негізгі құрылтайшылары миллиардер Айдын Рахымбаев, BI Group холдингінің өзге ортақ иелері Бауыржан Исабаев пен Асхат Омаров, сондай-ақ Ибрагим Алипов екені белгілі.
Бұған дейін БАҚ-та бұл мектептерде ұлттық құндылықтарға басымдық берілетіні, математиканы сингапурлық әдіспен оқыту үлгісі қолданылатыны, білім үш тілде берілетіні жазылған. Оқушылар қосымша қытай, француз немесе неміс тілдерінің бірін таңдай алады. Бұған қоса, жасанды интеллект бағытына басымдық беретін IT бағдарламасы да қарастырылған. Мұндай мектепте бір жыл оқу ақысы 2,25 млн теңгеден басталады. Ал бұл соманы төлеуге отбасылық жағдайы мүмкіндік бермейтін дарынды балаларға грант бөлінетіні айтылған.
Даму банкінің комиссиясы жобаны дәл осы сипаттамасына қарап мақұлдады ма, әлде құрылтайшылардың есімі әсер етті ме, белгісіз. Белгілісі – «білім беру» саласындағы қаржыландыруға мақұлданған жалғыз жоба осы.
Сонымен бірге Қазақстанның Даму банкі қаржыландыратын салалардың қатарына білім берудің неліктен енгізілгенін түсіндіретін бірде-бір ашық негіздеме таба алмадық.
ТАЛАП КҮШЕЙДІ, ЖОБА КӨБЕЙДІ
2026 жылдың жазында Қазақстанның Даму банкі инвестициялық стратегиясын өзгертетінін мәлімдеді. Жеңілдетілген несие алуға үміткер жобалардың ең төменгі құны 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге көтерілді. Сонымен қатар банк коммерциялық банктермен бәсекелеспейтінін және «ірі стратегиялық жобаларға көбірек ден қоюға ниетті» екенін жариялады.
Бұл жаңалық ретінде ұсынылғанымен, оны оқыған кез келген адам бір сәт ойланып қалуы мүмкін: мемлекет ел дамуына жол ашатын жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру үшін триллиондаған теңгені сеніп тапсырған қаржы институтының бастапқы міндеті осы емес пе еді?
Айтпақшы, банкті осы негізгі міндетінен ауытқыды деп аудиторлар да сынаған. 2025 жылы Жоғары аудиторлық палата бес жыл ішіндегі мемлекеттік қолдау жүйесіне жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады. Құжатқа сәйкес, Даму банкінің бес жылдағы несие, лизинг және инвестициялық портфелінің жартысы «артықшылық берілген» контрагенттер тобына тиесілі болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір кездері Даму банкін «таңдаулыларға арналған банк» деп атауына да осы жағдай себеп болған.
Алайда сол таңдаулылар экономиканы әртараптандыруға және жоғары деңгейде өңделген тауарлар экспортын дамытуға қатысты міндеттемелерін орындаса, мұны белгілі бір дәрежеде түсінуге болар еді. Бірақ аудиторлардың айтуынша, бұл бағытта да мәселе бар.
Экспорт көлемін бағалау кезінде компания қызметіне қатысты барлық өнім бойынша сыртқы экономикалық қызметтен түскен жалпы түсім есепке алынатыны анықталған. Ал мемлекеттік қолдау қаржысы нақты бір өнімнің экспортын ұлғайту үшін беріледі. Соның салдарынан қолдау көрсетудің басты себебіне айналған өнімді кәсіпорын іс жүзінде мүлде өндірмеуі де мүмкін.
– Экспорт бойынша қарсы міндеттемелерді қолайлы етіп қоятындарыңыз соншалық, қарыз алушылардың экспортты арттыруға ешқандай ынтасы қалмайды. Соның салдарынан сіздер қолдау көрсететін кәсіпорындардың жалпы экспорттағы үлесі 2020 жылдан бері екі есе азайды: 9,1 пайыздан 4,5 пайызға түсті. Ал Даму банкінің еліміздегі ірі даму институттарының бірі ретіндегі міндеті - өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыру, – деп түсіндірген еді бұл жағдайды Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов.
Сөйтіп, «таңдаулылар» бұрынғысынша орнында қалғанымен, енді олардың Даму банкінің жеңілдетілген несиесіне деген қызығушылығы өнеркәсіп саласымен ғана шектелмейтін болды.
ТРИЛЛИОНДАРҒА ТАЛАСҚАН ЖҮЗДЕГЕН ЖОБА
Farabi жобасы – Даму банкінің дәстүрлі өнеркәсіптік бағытына жатпайтын жалғыз жоба емес. Қаралып жатқан өтінімдердің арасында ірі медициналық нысандар да бар.
Олардың қатарында Шымкентте салынуы жоспарланған 900 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен клиникалық-диагностикалық орталық бар. Бұл жобаны Сейітжановтар отбасы қолға алмақ. Алматыда да бірнеше көпбейінді клиника салу жоспарланған. Олардың бірін олигарх Қайрат Итемгенов салуға ниетті.
Тағы бір жоба – сауда орталығын ауруханаға айналдыру. Оны Қазақстанның Forbes тізіміндегі тағы бір әулеттің өкілі Марат Қасанов жүзеге асырмақ.
Қазақстанға ауруханалар сөзсіз қажет. Бірақ медициналық қызметтің қоғамға қажет болуы мен мемлекеттің нақты бір жекеменшік жобаны несиелендіруі – екі бөлек мәселе. Егер инвестор ақылы қызметтер, сақтандыру төлемдері және мемлекетпен жасалған келісімшарттар арқылы табыс табатын аурухана салса, бұл коммерциялық тұрғыдан тиімді бизнес болуы әбден мүмкін. Оның үстіне, ауруханалар мен мектептерді салуға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері де бар.
Қазақстанда жекеменшік ауруханалар мен мектептер шынымен тапшы ма? Әлде Даму банкінің ақшасы көп болғаны соншалық, енді оны қайда жұмсарын білмей отыр ма?
ТУРИЗМ САЛАСЫ ДА АРЗАН НЕСИЕГЕ КӨЗ ТІКТІ
Егер мәселе қаржының көптігінде болса, Даму банкінің туризм нысандарын қаржыландыруға да заң жүзінде мүмкіндігі бар. Қазақстандықтар бұл шешімге күмәнмен қарауы мүмкін, бірақ туризм банктің қаржыландыруға құқылы салаларының қатарына кіреді.
Қазір бұл бағытта тоғыз жоба қаралып жатыр, тағы сегізі іске асырылған. Бір қызығы, екі тізімдегі жобалардың құрылтайшыларының есімдері жиі қайталанады.
Мәселен, Феттах Таминдже Даму банкінің несиесімен Ақтауда Rixos қонақүйін және оған жапсарлас аквапарк, Түркістанда «Керуен-Сарай» кешенін салды. Енді ол кезекті жеңілдетілген несие арқылы Ақтаудағы қонақүй кешенінің екінші кезеңін жүзеге асырмақ.
Алматыдағы екі қонақүй құрылысына ағайынды Зиятдин мен Үсейін Қасановтар да миллиардтаған теңге несие алған. Астанада қонақүй салуға Айдын Рахымбаев та қаржы иеленген.
Енді қонақүй бизнесіне Әлсеновтер отбасы да қосылуға ниетті. Қаралып жатқан жобалар тізімінде олардың екі өтінімі бар: бірі – Қарағандыда, екіншісі Петропавлда қонақүй салу жөнінде.
Өңірлерде сапалы қонақүйлер салуды Даму банкі арқылы қаржыландырудың белгілі бір қисыны бар. Мұндай нысандар уақыт өте келе туристерді де, өзге инвесторларды да тартуы мүмкін. Бірақ оған бірден қол жеткізу қиын. Сондықтан коммерциялық банктердің мұндай жобаларды мақұлдауы екіталай.
Дегенмен даулы Almaty Superski жобасына жеке инвесторлардан қаржы іздеп көруге болмас па еді? Жобаны әзірлеушілер оның аса табысты болатынына және әлемнің түкпір-түкпірінен келетін шаңғышылардың есебінен қазынаға миллиондаған кіріс түсетініне сендіреді. Сонда осындай болжамды пайдадан өз үлесін алуға Даму банкінен басқа бірде-бір банк келіспегені ме?
Даму банкінің басым бағыттары қатарына туризм енгізілгеннен бері бұл салаға жүздеген миллиард теңге бөлінді. Алайда осы қаражаттың жекелеген олигархтардың емес, тұтас ел экономикасының қаржылық жағдайын нығайтуға қаншалықты ықпал еткені әлі де түсініксіз. Қаржы бөлінеді, жобалар көбейеді, бәрі іспен айналысып жатқандай. Бірақ одан ел экономикасы нақты не ұтып отыр?
ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ДА КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Мектептер мен ауруханалардан бөлек, Даму банкі жол құрылысын, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын салу жобаларын да қаржыландырады. Әзірге бұл бағыттарда мақұлданған жобалар көп емес. Алайда өтінімдер саны артып келеді. Енді Даму банкінен несие алуға ниеттілердің қатарында Қазақстан үкіметінің өзі де бар.
Бір жағынан, мүмкіндік болса, неге пайдаланбасқа? Екінші жағынан, мемлекеттік жобалар жекеменшік бизнеспен бір қаржыға таласуға тиіс пе? Үкіметтің қоғам үшін маңызды инфрақұрылым нысандарын қаржыландыратын басқа көздері жоқ па?
ДАМУ БАНКІ НЕНІ ДАМЫТУҒА ТИІС?
Жалпы, Даму банкі қаржыландыруы мүмкін жобаларға үңілген сайын сұрақ көбейе түседі. Соның ең бастысы – Қазақстанның даму институты нақты нені дамытып отыр?
Анықтама үшін айта кетейік, ресми мәлімет бойынша, 2001 жылдан бері Даму банкі жалпы сомасы шамамен 19 трлн теңге болатын 218 инвестициялық жоба мен 151 экспорттық операцияны қаржыландырған. Ал 2025 жылдың өзінде банк жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 77 жобаны қаржыландыруды қамтамасыз еткен.
Мұны түсіну үшін математик болудың қажеті жоқ: Даму банкінің қаржыландыратын жобалары жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан қаражаттың бастапқы мақсатынан ауытқып, басқа бағытқа жұмсалуына жол бермеу үшін банктің құзыретін нақты шектеу қажет.
«Қазақстанның Даму банкі туралы» қолданыстағы заңда оның негізгі мақсаттары ретінде мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, ел экономикасына инвестиция тарту көрсетілген. Алайда нақты бір жобаның неліктен мақұлданғаны туралы ашық түсініктеме берілмейді.
Даму банктері Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Мұндай қаржы институттары әлемнің көптеген елінде бар. Олар жеке нарық қандай да бір себеппен жеткілікті қаржыландырмайтын, бірақ экономика мен қоғам үшін маңызы бар жобаларды қолдау үшін құрылады. Бұл тәсіл additionality, яғни «қосымша құндылық» қағидаты деп аталады.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік банк әр жобаға қатысты үш сұраққа жауап іздеуге тиіс.
Біріншісі: мемлекеттік қаржы болмаса да, бұл жоба жүзеге асар ма еді? Егер жауабы «иә» болса, онда мемлекет неге оған жеңілдік жасауы керек?
Екіншісі: жоба Даму банкінің қатысуынсыз да іске асатын болса, банктің араласуы оны едәуір арзандата ма, жүзеге асу мерзімін қысқарта ма, ауқымын кеңейте ме немесе сапасын арттыра ма?
Үшіншісі: бұл жоба ел экономикасына қандай жүйелі пайда әкеледі? Мәселен, экспортты арттыра ма, импортты алмастыра ма, жаңа технологиялық өндіріс тізбегін қалыптастыра ма, елге жетіспейтін инфрақұрылымды дамыта ма, жаңа нарық аша ма, энергетикалық қауіпсіздікті нығайта ма немесе өнеркәсіптік кластер құруға ықпал ете ме?
Осы талаптар қатаң сақталып, мақұлданған әр өтінім бойынша жұртшылыққа ашық түсініктеме беріліп отырса, Даму банкіне қатысты сұрақ да азаяр еді.