Жоғары аудиторлық палата ғылым саласына бөлінген 262 млрд теңгенің қалай жұмсалғанын тексеріп, жүйелі кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, грант бөлу кезінде мүдделер қақтығысына жол берілген, ғылыми әзірлемелерге қойылатын талаптар төмендетілген, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу жұмысы ақсап тұр. Тіпті ғылыми зерттеуге жұмсалуы тиіс миллиардтаған теңге депозиттер мен бағалы қағаздарға салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНГЕН МИЛЛИАРДТАР ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛЫП ЖАТЫР?
Жоғары аудиторлық палата Қазақстанда ғылымға бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанын тексерді. Нәтижесінде 262 млрд теңгенің 51 млрд теңгесіне қатысты қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Тағы 47 млрд теңгені жоспарлау мен жұмсау кезінде тиімсіздікке жол берілген. Ал шығын мен алынбай қалған пайда көлемі 16 млрд теңгені құраған.
– 2022–2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Алайда ғылымның экономикадағы үлесі әлі де төмен. Жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16 пайызы ғана. Ал межеленген көрсеткіш – 1 пайыз. Оның үстіне қаржы көлемінің өсуіне негізінен бюджет қаражаты есебінен қол жеткізілді. Мемлекеттің үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артқан. Бұл ғылымның әлі де мемлекет қаржысына тәуелді екенін, ал бизнестің оған сұранысы жеткіліксіз екенін көрсетеді, – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге мемлекет ғылымға миллиардтаған теңге бөлгенімен, бұл салаға қатысты межелі көрсеткіштерді біртіндеп төмендетіп келеді. Мәселен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығынның ЖІӨ-дегі үлесі 2 пайыздан 0,5 пайызға дейін қысқарған. Ғылыми қызметкерлер санын 50 пайызға арттыру жөніндегі меже 7 пайызға, ал жеке сектордың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50 пайыздан 32 пайызға дейін төмендетілген.
Сарапшылардың талдауы да шешім қабылдауда ескеріле бермейді. Ғылымның жай-күйі туралы баяндама іс жүзінде әзірленбейтін болған. Ал Ғылым академиясының материалдары мен болашаққа бағдарланған зерттеулерді қарастырып, іске асыру тетігі жоқ.
ОРЫНДАЛМАҒАН ТАПСЫРМАЛАРҒА 67 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Аудиторлар ғылыми басымдықтар мен мемлекеттік тапсырыстарды қалыптастыруға да сын айтты. 2025–2027 жылдарға арналған жеті басым бағыт пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген.
– Басымдықтарды айқындаудағы мақсат – мемлекеттің шектеулі ресурстарын қай міндеттерді шешуге бағыттау керегін нақты белгілеу. Ғылыми-техникалық тапсырма түпкі нәтижесі, оны бағалау өлшемдері мен тәжірибеге енгізу тетігі айқын көрсетілген нақты міндет болуы керек. Алайда мұндай тапсырмалар көбіне жалпылама жасалады. Күтілетін нәтиже мен оның орындалуын тексеру өлшемдері нақты белгіленбейді, – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның пікірінше, мұндай тәсіл ғылыми басымдықтардың мәнін жояды. Өйткені кез келген зерттеуді мемлекет үшін маңызды деп көрсетуге мүмкіндік береді. Соның салдарынан 2023–2025 жылдары әзірленген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қарастырылған. Оның үстіне тапсырмалардың не себепті орындалмағаны да талданбайды.
Ғылыми жобаларды іріктеу кезінде де бірқатар кемшілік анықталған. 212 заңды тұлғаны аккредиттеу кезінде олардың зерттеу жүргізуге қажетті технологиялық дайындығы бағаланбаған. Материалдарды ұлттық ғылыми кеңестердің сараптамасына жіберу 93 жұмыс күніне дейін кешіктірілген.
Ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыруды шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту туралы ұсыныстарды ескермеген.
Аудит мүдделер қақтығысына қатысты да тәуекелдерді анықтады. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Оның үстіне кеңестің 27 мүшесі жобалардың өзіне ғылыми жетекшілік еткен.
ПАТЕНТ БАР, ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗУ ЖОҚ
Әлихан Смайылов ғылыми зерттеулердің нәтижесін бағалауда да көбіне көзбояушылыққа жол берілетінін айтты.
– Жобалардың нәтижелілігі көбіне ғылыми жарияланымдармен, зияткерлік меншік құқығын растайтын құжаттармен және әзірлемені тәжірибеге енгізу актілерімен дәлелденеді. Алайда бұл көрсеткіштер зерттеудің жаңалығын, оған меншік құқығының кімге тиесілі екенін және нәтижесінің іс жүзінде қолданылып жатқанын әрдайым растай бермейді. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы жобалар бойынша зияткерлік меншікке қатысты 4 мыңға жуық құжат есепке алынған. Алайда соның шамамен 10 пайызы ғана өнертабысқа берілген патенттер. Еуразиялық және халықаралық патенттердің үлесі 1 пайызға да жетпейді. Бұдан бөлек, жалпы құны 72 млрд теңге болатын 164 жоба бойынша патент алуға берілген 336 өтінім дайын нәтиже ретінде есепке алынған. Бірақ өтінім беру патенттің берілгенін білдірмейді, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы 18 жоба бойынша алынған 56 патент сол жобаларды жүзеге асыруға қатыспаған ұйымдардың атына рәсімделген.
Әзірлемелерді тәжірибеге енгізу актілері де нақты нәтиженің бар екенін үнемі дәлелдей бермейді. Жалпы құны 59 млрд теңге болатын 434 жоба бойынша осындай 1 200-ден астам акт ұсынылған. Бірақ олардың жартысы білім беру үдерісіне қатысты. Ал ғылыми әзірлемені оқу барысында пайдалану оның технологиялық немесе өндірістік нәтиже бергенін білдірмейді.
Жоғары аудиторлық палатаның басшысы айтқандай, есептер қабылданғаннан кейін ғылыми нәтижелердің ары қарай қалай қолданылып жатқаны жүйелі түрде қадағаланбайды. Мәселен, аудитке іліккен 60 патент бойынша оларды пайдалануға қатысты лицензиялық немесе өзге де келісімшарттар жасалмаған.
Яғни мемлекет ғылыми зерттеулерге қаржы бөлгенімен, оның елге қандай технологиялық және экономикалық пайда әкелгенін растай алмай отыр.
МИЛЛИАРДТАР ЗЕРТТЕУГЕ ЕМЕС, ДЕПОЗИТКЕ САЛЫНҒАН
Қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы сұраққа Әлихан Смайылов баяндамасының соңына қарай жауап берді.
– Astana Hub-қа түскен 43 млрд теңгенің 23 млрд теңгесі бағалы қағаздарға салынған. «Самғау» бойынша түскен 15 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі депозиттерге орналастырылып, РЕПО операцияларына бағытталған. Операторлардың инвестициялық қызметтен тапқан табысы 14 млрд теңгеден асқан, – деді ол.
Жоғары аудиторлық палатаның пікірінше, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жұмысы да тиісті деңгейде жүргізілмейді. Ғылым қорының ресми есебіндегі бұл көрсеткіш 44 пайыз болғанымен, салыстырмалы әрі нақты есептеу нәтижесінде есепті жылдағы көрсеткіш небәрі 16 пайызды құраған.
Аяқталған 141 жобаның тек 38-і немесе 27 пайызы соңғы үш жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қалған 103 жоба жалпы құны 22 млрд теңге болғанына қарамастан, өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижеге қол жеткізбеген. Көптеген жобада нақты коммерциялық нәтижеге қол жеткізудің орнына, оларды жүзеге асыру мерзімі созыла берген. Атап айтқанда, жалпы құны 13 млрд теңге болатын 46 келісімшарттың мерзімі ұзартылған.
ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРДЫҢ БІРЫҢҒАЙ ЕСЕБІ ЖОҚ
Аудиторлар тағы бір жүйелі мәселені атады. Ол – ғылыми жобалардың бірыңғай есебінің болмауы. Жобалар туралы мәліметтер әртүрлі мекеме мен ақпараттық жүйеге бөлініп кеткен. Ал кейбір жұмыс әлі күнге дейін қағаз жүзінде жүргізіледі.
Сондықтан мемлекет жобаның қаржы бөлінген сәтінен бастап, түпкі нәтижесі алынғанға және өндіріске енгізілгенге дейінгі бүкіл барысын бақылай алмайды. Жалпы құны 32 млрд теңге болатын 159 жоба мемлекеттік есепке толық енгізілмеген.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ғылым саласын басқару тәсілін түбегейлі өзгерту қажеттігін айтты.
– Мемлекет ғылыми үдерістің өзін емес, елге технологиялық және экономикалық пайда әкелетін нақты нәтижеге қол жеткізуді қаржыландыруы керек, – деді Жоғары аудиторлық палатаның басшысы.
Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке бес ұсыным, ал тексерілген мекемелерге 66 тапсырма берілді. 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.