Алматыда құрдасына 16 рет пышақ сұққан жасөспірім сотталмайды

Видеодан алынған кадр/КТК

Алматыда 13 жастағы жасөспірім пышақтап өлтірген 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының туыстары кінәлі баланы жазалауды талап етіп отыр. Жасөспірімнің жасы кәмелетке толмағандықтан, қылмыстық іс тоқтатылып, өзі бір жылға арнайы мектепке жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қайғылы оқиға маусым айында әскери жатақханада болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Абылайханның анасының айтуынша, балалар екеуіне де ұнайтын қызға бола жанжалдасқан. 13 жастағы оқушы Абылайханды сөйлесуге шақырып, кейін оған пышақпен шабуыл жасаған. Алғашында оған тоғыз рет пышақ сұғылғаны хабарланған. Алайда туыстарының сөзінше, сараптама қорытындысында 16 жарақат анықталған.

– Мұны бала жасады дейді. Ол бала емес, аса қатыгездікпен әрекет еткен қылмыскер. Оның бұл әрекеті кездейсоқ емес, алдын ала дайындалған. Оны бір жылға арнайы мекемеге жіберді. Бір жылда ол ештеңе түсінбейді. Мен осы іске қатысы бар адамдардың бәрі жазаланғанын қалаймын, – деді қаза тапқан баланың анасы Зәмира Бадалова.

Неліктен сотталмады?

Қазақстанда кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Ал шабуыл жасаған жасөспірім оқиға кезінде 13 жаста болған. Сондықтан қылмыстық іс тоқтатылып, оның ата-анасына әкімшілік жаза қолданылған.

– Сот шешімімен жасөспірім ерекше режимдегі мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырылды. Қылмыстық істің тоқтатылуы ешқандай салдар болмайды дегенді білдірмейді. Ол профилактикалық есепке алынды, полиция оның мінез-құлқын тұрақты бақылауда ұстайды, – деп түсіндірді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Контекст

Еске салайық, қазан айының соңында Қостанай облысының Құсмұрын ауылында бес жасар бала көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны туған әкесі ұрып-соққан. Ол осыдан жарты жыл бұрын баласын әжесінен алып кеткен. Әкесі кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды.

Сізге қызық болуы мүмкін