Қазақстанда жемқорлық, рейдерлік пен ақша жымқырғаны үшін кімдер сотталып кетті

Ғалиасқар Думан

Елге аты танымал адамдар сотталып жатқан процестер қазір ел аузында қызу талқыланады. Қоғам да кімнің сотталып жатқанын жіті бақылайды. Олардың ісін қадағалап, әлеуметтік желіде үн қосып отыратындар да бар. Осы ретте Ulysmedia.kz тілшісі Қаңтар оқиғаларынан бері Қазақстанда жемқорлық, рейдерлік пен ақша жымқырғаны үшін кімдер сотталып кеткенін немесе сотталып жатқанын шолып шықты.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Отбасының ісі»

«Шулы істер» жайлы сөз қозғағанда алдымен ерлі-зайыпты Сатыбалдының ісі еске түседі: Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мен оның бұрынғы әйелі 2022 жылдың наурыз айынан бері қамауда отыр. Елдегі ең бай бизнесмендердің бірі қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталған, ал оның бұрынғы әйелі «бизнесті тартып алды және адам ұрлады» деген айыппен сотталды.

Сот материалдарына сәйкес, Сатыбалды 2018-2021 жылдар аралығында CTS компаниясының қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырып, іске оның басшылығын да қатыстырған. Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхамбетжанұлы мен президент Бекетов Сатыбалдымен сөз байласып, оның бақылауындағы фирмалармен жалған келісімшарттар жасап, ақша ұрлаған. Салдарынан CTS-ке 28 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

Тағы 12 миллиард теңгені «Қазақтелеком» жоғалтты. Тұңғыш президенттің туысының бұл іске де қатысы бар болып шықты. Ол Шыңғыс Қоңырбаев және Леонид Муравьевпен бірге «Қазақтелекомға» 12 млрд теңге шығын келтірген. Бұл схема, тергеушілердің пікірінше, аффилиирленген компанияның – ұлттық байланыс операторы мен оның тұтынушылары арасында делдалдың құрылуының арқасында «сәтті» жүргізілген.

Кәсіпкер кінәсін мойындап, көпке созылмай сот үкімі де шықты: Қайрат Сатыбалды кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқаруға тыйым салынды. Мұхамбетжанұлы мен Бекетов бірдей жазаға тартылса, Қоңырбаев пен Муравьев 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Прокуратура сотталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам заңсыз иемденген мүлкі мен қаражатын мемлекетке қайтарылғаны жөнінде ақпарат таратып үлгерді.

Бұл үкім тек басы екен: Сатыбалдыға қатысты салық төлеуден жалтару және ақшаны жылыстату фактілері бойынша тағы бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Ал Гүлмира Сатыбалдыға үкім биыл мамырда ғана шықты. Тергеу мәліметтері бойынша, бизнесменнің бұрынғы әйелі өзінің іскер серіктесін ұрлап кеткен. Белгілі болғандай, Айгүл Мекешеваны өз үйінің кіреберісінде ұстап алып, жертөлеге қамап, кәмелетке толмаған қыздарын қудалаймын деп қорқытып, бизнестегі үлесінен бас тартуға мәжбүрлеген.

Екінші жәбірленуші, кәсіпкер Тұрсын Алагөзов Гүлмира Сатыбалдының қысымымен акциясын нарық бағасынан он есе төмен бағаға сатып, кейін өз компаниясын сатып алуға мәжбүр болғанын айтты.

Ақыры сот кәсіпкерді үш бап бойынша кінәлі деп таныды. Ол баптар: азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне зиян келтірген, күш қолдана отырып немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған озбырлық; қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру немесе оның орындалуына басшылық ету; пайдакүнемдік ниетпен алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен адамды ұрлау.

Гүлмира Сатыбалды жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленушінің пайдасына үлесті қайтару арқылы сотталушыдан 6,5 миллиард теңге, моральдық шығын үшін миллион, сондай-ақ 65,8 миллион теңге мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Айгүл Мекешеваға келтірген шығынды Гүлмира Сатыбалды медиация келісімімен өтеген.

Мұнай, газ бен туысқандар

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ісін ең даулы деп атауға болады. Ерлі-зайыпты Сатыбалдылар секілді Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы да былтыр наурыз айында қамауға алынған болатын. Кәсіпкерге аса ірі көлемдегі, квазимемлекеттік сектордағы қаражатты жымқырды деген айып тағылды.

Боранбаевпен бірге оның көмекшісі Роман Наханов және QazaqGaz басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жанұзақ Тайыр айыпты ретінде сотқа тартылды. Бұл істе ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Ибулла Сердінің де қатысы бар еді. Алайда ол елден қашып кеткен. Әлі іздеуде жүр.

Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушылар квазимемлекеттік сектордың жоғары лауазымды тұлғалары бола отырып, «ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін» әрекет жасап, ресейлік газды тікелей емес, сатып алу арқылы мемлекетке 14,5 миллиард теңге залал келтірген. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, олар өз бақылауларындағы «AsiaGas Chundzha» компаниясы арқылы 2010 жылдан бері еншілес компанияларды тартып, Қазақстанда өндірілген газдың едәуір бөлігін экспортқа шығарып, шетелдік шоттарына ақша жинаған.

Дегенмен, кейбір сарапшылар бұл процесті «тәуелсіз Қазақстанның құқықтық тарихындағы ең оғаш процес» деп атайды. Қорғаушы тарап Боранбаев жүргізген операциялар мемлекетке миллиардтаған доллар пайда әкелгенін, ал айыптау жорамалдарға негізделгенін алға тартады. Сотта Байғали Серкебаев, Ділназ Ахмадиева, Нағима Есқалиева, Арман Дәулетияров сынды қоғам және мәдениет қайраткерлері кәсіпкерді қорғап сөз сөйледі.

Президентке жолданған ұжымдық хат кәсіпкерге қылмыстық жазадан құтылуға көмектеспеді: наурызда сот Боранбаев, Наханов және Тайырды екі бап бойынша кінәлі деп тапты. Сотталушылар мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылып, 8 жылға түрмеге қамалды.

Сот Боранбаевтың келесі мүлкін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды: Алматы қаласында Әл-Фараби даңғылында орналасқан үй-жай мен жер учаскесі және 4,1 миллиард теңгеден астам қаражат.

Боранбаевтың өзі кінәсін мойындамай, «мәмілеге қатысушылардың барлығы пайда тауып, ешкім ештеңе жоғалтқан жоқ» деген уәж айтты. Сотталушының айтуынша, барлық мәселе оның тұңғыш президенттің отбасымен туыс болғанында тұр.

Утильалым, іздеу мен суицид

«ӨКМ операторының» ісін ең түсініксіз жағдайлардың бірі деп атауға болады: жымқыру, сыбайлас жемқорлық және қашу, тіпті өзін-өзі өлтіруге дейін бару жағдайлары кездесті бұл істе. Бәрін ретімен баяндайық.

2022 жылдың 11 қаңтарында президент Тоқаев «ӨКМ операторының» жұмысын ашық сынап, компанияның қызметін тоқтатуды талап етті. Ал 26 қаңтарда Антикор Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.

Сол күні «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Құқық қорғау органдары «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бір жылдан кейін қоғам қайраткері тәуелсіз сараптама қорытындысына сілтеме жасап, Шәмшиевтің өлтірілгенін айтты. «Мәскеу сарапшылары қазақстандық сараптаманың объективтілігіне күмән келтіріп, істе көрсетілген барлық жағдайда адам өз-өзіне қол жұмсауға бара алмайтынын дәлелдеді» деп атап көрсеткен саясаткер Санжар Боқаев сараптама қорытындысын іске қосуды талап етті.

Сондай-ақ 2022 жылдың сәуірінде 13 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басқарушы директоры ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті ескірген көліктерді қайта өңдеу құнын жоғарылатып, «Recycling» компаниясына заңсыз өткізіп, ақша ұрлаған. Бір-екі айдан кейін тағы бір күдікті пайда болды. ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шанар Мұхтароваға жарияланды. Антикор «2017-2018 жылдары Экологиялық кодекстің талаптарын бұза отырып, кәдеге жарату төлемінің қаражатын иемденіп, оған 920 миллион теңге көлемінде дивиденд түрінде заңсыз төленгенін» мәлімдеді.

Сот сәуір айында басталған.

6 сәуірде елордада алдын ала тыңдау өткен кезде адвокаттар Әлия Назарбаеваны процеске тартуды сұраған. Өйткені «ӨКМ операторы» 2015 жылы дәл оның бастамасымен құрылған. Бірақ судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.