Жақында қайғылы оқиға болған Алматы "Ақкент" тұрғын үй кешенінің тұрғындары 20 қыркүйекке дейін үйлеріне оралуы тиіс. Әкімнің тапсырмасына сәйкес, осы уақытқа дейін құрылыс салушы компания ғимаратты өз есебінен қалпына келтіруге міндетті. Ulysmedia.kz бір адамның өмірін жалмаған төтенше жағдайға жауаптыларды анықтап көрді.
Анасы балаларын терезеден төменде жайылған төсеніштерге лақтырған кадрлар Қазнетті дүр сілкіндірді. ТЖД мәліметтері бойынша, төтенше жағдайға лифт шахтасының кабельдері мен электр сымдарының өртенуі себеп болған. "Ақкент" тозығы жеткен тұрғын үй кешені емес, салынғанына көп бола қоймаса да осындай жағдай орын алып отыр. Өрт салдарынан бір адам қаза тауып, 30-дан астам адам зардап шекті. Оқиға фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және адамның қаза болуы.
Тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді отбасылар "Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша алған. Алматылықтың өмірін қиған қайғылы жағдай бұрыннан келе жатқан проблеманы ашты – жеңілдетілген тұрғын үй алушыларға әдетте сапасыз салынған баспана берілетінін көрсетті.
Кешенді салған кім?
Әлбетте, салынғанына 10 жыл болмаған үйдегі сымдардың жаппай өртенуі қалыпты жағдай емес және ойымызға бірден келетіні: мұны салған кім?
"Ақкент" тұрғын үй кешенін салушы – Ayt Housing Complex компаниясы. Ашық дереккөздердің мәліметінше, ол Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері жұмыс істейді және тұрғын үй құрылысымен айналысады. Шағын кәсіпорында 20-ға жуық адам жұмыс істейді, ал осы жылы салық түсімдерінің сомасы шамамен 70 млн теңгені құрады.
Компанияның басшысы – Қанат Ералиев, ол сондай-ақ "Ахсель ятырым ихражат ве италат" акционерлік қоғамының Алматы филиалын басқарады.
Бұдан басқа, "Отбасы Банкі" деректеріне сәйкес, тұрғын үй кешеніне тағы бір компания – "Айт Құрылыс саудасы" ЖШС қатысы бар. Бұл ұйым 2003 жылы тіркелген, оның жетекшісі Арифоглу Абдуррахман Зеки және компанияның заңды мекен-жайы Ayt Housing Complex-тің орналасқан орнымен бірдей. "Айт Құрылыс" жылжымайтын мүлікті сатумен, ал Ayt Housing құрылыспен айналысады. Бұл ретте жылжымайтын мүлікті сатуға салынатын салықтар құрылысқа қарағанда әлдеқайда аз түседі.
Бұл бизнес-схеманы түсіну және түпкілікті бенефициардың кім екенін анықтау мүмкін емес. Бірақ бір нәрсе анық: бұл бір күндік компания емес.
Өртке кім кінәлі екені әлі белгісіз, өйткені тергеу енді басталды. Бірақ әкімдік құрылыс компаниясынан ғимаратты өз есебінен жөндеуді, өртенген пәтерлерді қалпына келтіруді және тіпті зардап шеккендердің уақытша тұру шығындарын өтеуді талап ететіндігін ескере отырып, бұл оқиғаға кінәлілер анықталып қойды деген ой келеді. Сонымен қатар, құрылыс салушы өз бастамасы бойынша қаза тапқан әйелдің туыстарына жаңа екі бөлмелі пәтер сыйлайтын болды – бұл туралы Қанат Ералиев жеке өзі мәлімдеді.
“Ең жақсысы” – жеңілдігі барларға
"Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер "Отбасы Банкі" жеңілдікті ипотека бағдарламалары бойынша әлі де сатылып жатыр. Жеңілдетілген тұрғын үй халықтың осал топтарының өкілдері: аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар адамдар арасында бөлінеді. Сондай-ақ, тұрғын үйге мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер мен медицина қызметкерлері кезекте тұр.
Мұндай пәтерлердің бағасы нарықтық бағадан төмендеу. Мәселен, осы айда құрылысы аяқталуы “Ақкент” тұрғын үй кешендегі бір бөлмелі пәтердің құны "Өз үйім" бағдарламасы бойынша 14 млн теңгені құрайды. Ал үш бөлмелі пәтердің бағасы – 30 млн теңге.
Сатып алушы белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін кез-келген тұрғын үйді таңдай алатын бағдарламалар бар, бірақ ең тиімдісі – пәтерлер тізімі анықталған тұрғын үйлер. Мысалы, "Бақытты отбасы" және "Өз үйім" сияқты бағдарламалар бойынша клиент банк ұсынатын пәтерді ғана сатып ала алады.
Теориялық тұрғыдан, жергілікті атқарушы органдар мұндай тұрғын үйдің сапасын қадағалап отыруы керек. Бірақ іс жүзінде мұндай пәтерлердің ақауы көп.
Себебі неде? Мұның бәрі мемлекеттік сатып алу жүйесінде болуы мүмкін. Тұрғын үй қорын кеңейту үшін жергілікті атқарушы органдар жылжымайтын мүлік құрылысына тендер өткізеді. Шенеуніктер тендерде көбінесе төмен баға ұсынушы жеңетінін жасырмайды.
Тапсырыс алғысы келетін компаниялар бағаны төмендетеді. Әрине, өз пайдасы есебінен емес, құрылыс шығындары есебінен. Ал кейбір шенеуніктер құрылыс салушыны соттаудың орнына талапқа сай келмейтін нысандарды қабылдағанды жөн көреді. Мұндай кеңпейілділіктің себебі көпке аян.
Қауіпті үнемдеу
Қазақстанда жылжымайтын мүлік мамандары тұрғын үйді төрт класқа бөледі: элит, бизнес, комфорт, эконом. Әдетте, жеңілдікті бағдарламалармен төртінші класты тұрғын үй – эконом беріледі. Құжаттарға сәйкес, жоғары класты жылжымайтын мүліктен мұндай пәтерлер аумағының шағындығы, бір ғана жуынатын бөлме мен балконның болуы, сондай-ақ жеке тұрақ орнының болмауымен ерекшеленеді. Ал іс жүзінде – арзан құрылыс материалдары, біліктілігі төмен құрылысшылар және қажетті инфрақұрылымның болмауы.
Мәселен, 8 жыл бұрын Алатау ауданында 32 көпқабатты үй пайдалануға берілді – шағын аудан Зерделі атауын алып, қалалық тұрғын үй қорының құрамына енді. Бұл дегеніміз, кезекте тұрғандар мен жеңілдікті ипотека қатысушылары дәл осы пәтерлерді алады.
Зерделідегі проблемалар бірден басталды – бір жыл өтпей жаңа ғимараттың тұрғындары қабырғалардағы жарықтар мен біртүрлі шуылға шағымдана бастады. 2017 жылы үйлердің бірі қисайғаны соншалық, тұрғындар өз өмірлеріне алаңдай бастады. ТЖД өкілдері жоғарғы бөліктің орамы 37 сантиметр, төменгі бөлігінде 24 сантиметр екенін анықтады. Қала тұрғындары өз пәтерлерінде тұруға қорыққанымен, ипотека төлеуді жалғастыра берді. ҚазҚСҒЗИ мамандарының көмегімен үй қайта түзетілді.
Ал пәтерлері қалалық тұрғын үй қорына кіретін Шұғыла шағын ауданында коммуникациялар проблема тудырды. 2019 жылы жеңілдікпен үй алғандар бөлінген пәтерлерге кіруден бас тартты, өйткені оларда не жарық, не газ, не су болмады. Қала тұрғындарының пікірінше, кірме жолдардың болмауы мен жерден шығып тұрған құбырлар адамның өміріне тікелей қауіп төндірді. Әкімдік өкілдері бұл мәселені мойындап, сот арқылы құрылыс салушыны жосықсыз деп тануға уәде берді.
Мұндай жағдай тек Алматыда ғана болған жоқ – қымбат үй алуға мүмкіндігі жоқтардың бәрі сапасыз құрылыстан және жауапсыз компаниялардан опық жеп келеді. Айталық Батыс Қазақстанда кезекте тұрғандардың жаңа үйлерін су басып қалса, Семейде құрылыс салушы жұмыс үшін бұрын пайдаланылған құрылыс материалдарын қолданған, ал Қарағанды облысында үйдің кірпіші цементсіз қаланған. Мұндай оқиғаларды тізбектей беруге болады.
Элиталық тұрғын үй сатып алушыларға тек сапалы баспана ұсынылады деу қиын: екі жыл бұрын пайдалануға берілген CAPITAL Park ТК апатты жағдайда тұр – үй аумағын үнемі кәріз суы басып қалады. Құрылыс салушы – әйгілі BI Group. Тұрғын үй бизнес класқа жатады. Осыған ұқсас жағдай жаңа Алматыдағы Еxclusive Star тұрғын үй кешенінде де болды.
Жоғарыда айтылғандардың бәрінен шығатын қорытынды – жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушының беделін мұқият зерделеу маңызды. Ал жеңілдікті бағдарламаларға қатысушылар 10 есе абай болғаны жөн.