"Қазақстан" шахтасындағы қайғылы жағдайдан бері әлеуметтік желілерде "АрселорМиттал Теміртау" жайлы әңгіменің қызуы басылмай тұр. Ел басшылығы мен Мәжіліс депутаттарының Митталмен шартты бұзатын уақыт келгені жайлы мәлімдемелерімен қатар компанияның баспасөз қызметі де кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасын қамтамасыз ету үшін қанша күш жұмсалып жатқаны, жұмысшылар үшін қандай тамаша еңбек жағдайлары жасалғаны туралы баспасөз хабарламаларын қарша боратып жатыр.
Бүгін Ленин атындағы және "Абай" шахталарында төтенше жағдайлардан зардап шеккен кеншілер бірнеше ресми мәлімдемелерді жария түрде жоққа шығарды.
Нұсқа: өрт қасақана қойылған...
Дүйсенбі күні таңертең Instagram әлеуметтік желісіндегі Қарағанды пабликтерінде Қарағанды облысының полиция департаментінде "Қазақстан" шахтасындағы өртті қасақана қою нұсқасы қарастырылып жатқаны туралы ақпарат тарады.
- Трагедия алдын-ала жоспарланған деп санауға бірқатар себептер бар. Өрт басталғанға дейін, ең алдымен, шахтерлермен байланыста болуға және олардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін магистральдық оптикалық-талшықты байланыс желісі және шахта ішіндегі геопозициялау жүйелері сияқты негізгі элементтер зақымдалды. Қарапайым сөзбен айтқанда, өрттің басталу сәті мен кеншілердің қозғалысы туралы деректер жоқ. Сонымен қатар, жұмысшылардың әңгімесінің аудиожазбалары жойылды, - делінген хабарламада.
Бұл ретте, авторлар өрттен бір күн бұрын көмір шахталарында жұмыс істеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін және қауіпті жұмыс жағдайларына толығымен жарамды жаңа конвейер таспасы орнатылды деген АМТ басшылығы таратқан мәлімдемеге сілтеме жасады.
- Өрт кезінде конвейер тоқтатылды, ал ол тоқтаған кезде өрттің шығуы мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда өрт тұтануы үшін жоғары температураның ашық көзі қажет.
Қаза тапқандармен бір ауысымда болған шахта қызметкерлері өрттің қалыптан тыс тұтанғанын, жарылыс болмағанын, әдеттегідей тарсылдаған дыбыс естілмегенін атап өтті. Сондай-ақ, таспаның өзінде өртке қарсы көптеген құрылғылар орнатылғанын айтты.
Ақиқат пен болжам
Бұл нұсқа 2022 жылы Ленин атындағы шахтада және 2021 жылы "Абай" кенішінде зардап шеккен кеншілердің ашуын туғызды.
- Бұл мүлдем бос сөз! - дейді Ленин атындағы шахтада метан жарылғаннан кейін мүгедек болып қалған шахтер Владимир Ханиев.
- Мен ол жерде қандай жағдай болғанын білмеймін, бірақ өз пікірімді айта аламын. Түсінгенімдей, бұл конвейер көмірді жоғарыға шығарады. Өртке не себеп болуы мүмкін? Қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты, өйткені вагондарды, төгілген рудаларды тазартатын адамдар болған жоқ. Содан кейін өрт уақытына назар аударыңыз: таңғы 10. Бұл жөндеу ауысымының уақыты. Бұл уақытта таспалар тазалануы керек. Бірақ Митталдың барлық шахталарында болатындай, жұмыс берушінің ашкөздігінен қызмет көрсету мен жөндеудің орнына ауысым сағат 11.00-ге дейін жұмыс істейді. Егер конвейер жұмыс істесе, бұл өрескел бұзушылық! Бұл адамдардың өз қалауы емес, шахта директорының да шешімі емес. Оған: "Сіздің шахтаңыз көмір өндіру жоспарынан артта қалды!» делінген болуы керек. Үнемі солай болады. Жоғарыдан бұйрық келеді: “ештеңе білмейміз, көмір өндірілуі керек”. Сондықтан жыл сайын адамдар құрбан болып жатыр.
Шахтер Миттал шахталарында төтенше жағдай статистикасын еске түсірді:
- 2004 жыл, "Шахтинская" шахтасы: 20-дан астам адам қаза тапты. Апатқа жабдық кінәлі болып шықты. Бос сөз! 2006 жыл, Ленин атындағы шахта. Мен жұмыс істеген уақыт: 41 адам қаза тапты, оның 10-ға жуығының денесі бөлшектеніп кеткен! Мен досымның қолын ғана жерледім.
Сонымен қатар, Владимир Ханиевтің айтуынша, жұмыс беруші жарақат алу оқиғаларының көпшілігін жасырады.
- Міне, біздің шахтада да қайғылы оқиғадан бір апта бұрын лава жарылды. Жұмысшылардың бірі зардап шекті, мүгедек болып қалды, бірақ ол туралы мүлдем айтылмады, – дейді ол.
Өңделген материал?
Төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен кеншілер мен қаза тапқан кеншілердің туыстарының сөзінше, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шығарған баспасөз-релиздеріндегі ақпараттың бәрі нағыз өтірік.
- Біздің шахтада қайғылы оқиға болған кезде, олар бізге материалдық, моральдық, психологиялық көмек көрсетілді деп жазды, - деді Владимир Ханиев.
- Бірақ мұның бәрі өтірік! Мен де, менің отбасым да АМТ басшылығының ешқайсысын көрген жоқпыз. Маған бір рет көмір департаментінен төтенше жағдай қалай болғаны жөнінде сауалнама жүргізу үшін келді. Жолдастарымыздан басқа ешкім ауруханаға келген жоқ.
Ақша туралы
Бұдан бұрын компания кеншілер ай сайын орта есеппен 600-800 мың теңге табатынын мәлімдеген, алайда шахтерлер бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
- Мен 17 жыл өтілі бар комбайншы ретінде жоспарды орындаған жағдайда 650-700 мың теңгеге жуық алдым, - дейді Владимир Ханиев.
– Оның 200 мың теңгеге жуығы салық, сақтандыру, кәсіподақ жарналарына ұсталады. Қолыма 500 мың теңгеге жуық тиеді. Бұл – негізгі өндірісте істейтін, тәжірибелі маман ретінде менің алатын жалақым. Ал көмекші учаскелерде жалақы шамамен 30% -ға аз. Орта есеппен кеншілер айына 300-500 мың теңге алады.
Ленин шахтасында қаза тапқан Денис Инкиннің анасы Галина Инкинаның айтуынша, олар тергеудің созбаққа салынғаны туралы ашық мәлімдегеннен кейін әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың отбасыларына қанша ақша төленгені жайлы жалған ақпарат желдей ескен.
- Біз 80-100 миллион теңгеден, тіпті бас-басымызға бір пәтерден алғанымыз туралы әңгіме тарады - деді әйел.
- Біріншіден, шарт бойынша бізге қаза тапқандардың 10 жылдық жалақысы мөлшерінде төлемдер төленеді, оларға 10% салық салынады, содан кейін отбасының барлық мүшелеріне бөлінеді. Пәтер әкесінен айырылған балаларға беріледі. Сонымен қатар, мұны жұмыс беруші емес, сақтандыру компаниясы ұсынады. Бірақ ең сорақысы, тарап жатқан ақпараттарға сүйенсек, біз ұры-қары, ал Миттал қайырымды адам ретінде көрінеді. Менің айтарым: барлық ақшаны алыңыздар, тіпті өз ақшамды да берейін, тек баламды қайтарыңыздар!
Қаза тапқан кеншілердің туыстары оларға қара күйені кім жаққысы келетінін тұспалдайды, сондықтан жалған ақпарат таратып жүргендерді анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге ниетті.