Reuters агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон Еуропа 2027 жылға дейін НАТО бағдарламалары аясындағы негізгі міндеттемелерді өз мойнына алмаса, Америка Құрама Штаттары альянстың кейбір қорғаныс механизмдеріне қатысуын қысқартатынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР
АҚШ Еуропаға 2027 жылға дейін қорғаныс саласындағы басты міндеттерді жүктеуді көздеп отыр. Бұл міндеттерге зымыран өндірісінен бастап барлау ақпаратын жинауға дейінгі бағыттар кіреді. Бұл талап Пентагон қызметкерлері мен бірнеше еуропалық елдердің делегациялары қатысқан Вашингтондағы кездесуде айтылды. АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілдері Ресейдің 2022 жылғы Украинаға басып кіруінен кейін Еуропаның қорғаныс әлеуетін арттыру қарқынына көңілі толмай отырғанын жеткізді.
МЕРЗІМНІҢ МӘНІ
Америкалық ресми тұлғалар егер Еуропа 2027 жылға дейін белгіленген талаптарды орындамаса, АҚШ НАТО-дағы кейбір үйлестіру механизмдерінен шығуы мүмкін екенін ескертті. Дегенмен, Вашингтон Еуропаның прогресін қалай бағалайтыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ бұл мерзім АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігінің ресми ұстанымы ма, әлде Пентагондағы жекелеген шенеуніктердің пікірі ме – ол да анық емес.
ЕУРОПАНЫҢ ЖАУАБЫ
Бірқатар еуропалық шенеуніктер бұл мерзімді орындалуы мүмкін емес деп санайды. Олардың айтуынша, АҚШ-тың мүмкіндіктерін қысқа мерзімде толық алмастыру үшін Еуропаға тек инвестиция мен саяси ерік-жігер жеткіліксіз.
НАТО ҰСТАНЫМЫ
НАТО-ның ресми өкілі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде еуропалық одақтастар Еуропаның қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік ала бастағанын атап өтті. Алайда АҚШ белгілеген соңғы мерзімге қатысты пікір білдіруден бас тартты.