Елден шығармайды - салық органдарына қарыз болсаңыз талап күшейеді

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда қабылданған жаңа Салық кодексіне байланысты салық қарызын мәжбүрлеп өндіру тәсілдері айтарлықтай қайта қаралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА ШЕКТЕР

Бұл туралы Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты. 

— Бұрын салық қарызы 6 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 24 мың теңге, 2025 жылға есеппен) бастап өндірілсе, ал әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз тіпті 1 теңгеден басталатын. Енді бұл шектер 20 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 79 мың теңге) және 6 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді, — деді вице-министр. 

ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ЖАҒДАЙЫ

Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемдер бойынша қарызға қатысты шектің болмауы негізінен шағын бизнесті қиын жағдайға түсірген. Қазіргі таңда борышкерлердің 72 пайызының қарызы 6 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Мысалы, 206 мың салық төлеушінің ішінде 148 мыңының әлеуметтік төлемдер бойынша қарызы 24 мың теңгеге дейін.

— Егер қарыз 20 айлық есептік көрсеткіштен төмен болса, тек қарыздың пайда болғаны туралы хабарлама жіберіледі және өсімпұл есептеледі. Басқа шаралар қолданылмайды, — деп уәде берді Біржанов.

Қаржы министрлігінің дерегінше, егер қарыз 20–45 айлық есептік көрсеткіш аралығында болса (шамамен 177 мың теңге, 2025 жылға есеппен), алдымен хабарлама жіберіледі. Қарыз өтелмесе, салық сомасына сәйкес шығыс операциялары тоқтатылады. Егер борыш әлі өтелмесе, инкассалық өкім шығарылады.

ИНКАССАЛЫҚ ӨКІМ

Инкассалық өкім – банктегі есепшоттан иесінің келісімінсіз қаражатты алып қоюға арналған төлем құжаты. Оны мемлекеттік органдар немесе сот орындаушылары шығарады. Бұл құжат арқылы салық, несие, айыппұл және басқа міндеттемелер бойынша қарызды мәжбүрлеп өндіріп алуға болады.

Егер қарыз 45 айлық есептік көрсеткіштен асса, мүлікті түгендеу және сату, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алу шаралары қолданылады.

 Егер қарыз 27 000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 106,1 миллион теңге, 2025 жылға есеппен) асып, үш ай бойы өтелмесе, сот шешімі негізінде заңды тұлғаның бірінші басшысына немесе оның орынбасарына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге елден шығуға шектеу қойылады, — деді Біржанов.

ЕСКЕ САЛАЙЫҚ

2026 жылдан бастап Қазақстанда көлік салығы жаңа тәртіппен есептеледі. Жеңіл автомобильдерге қатысты салық мөлшері көліктің пайдалану мерзіміне қарай түзету коэффициенттерімен белгіленеді:

  • 10–20 жыл пайдаланылған көліктер үшін коэффициент – 0,7;
  • 20 жылдан асқан көліктер үшін коэффициент – 0,5.
    Яғни, көлік ескірген сайын салық мөлшері азаяды.