Премьер-министрдің бірнеше айдан кейін журналистер алдына шыққан сәті журналистердің наразылығымен аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін Мәжіліс отырысынан кейін премьер-министр шамамен жарты сағаттай журналистердің сұрағына жауап берді. Үкімет басшысына АрселорМиттал компаниясының Теміртауда Костенко шахтасындағы жарылыс, компанияның алдағы уақытта тағдыры не болатыны, шахташылардың айлығы, салық жөнінде бірнеше сұрақ қойылған. Десе де Әлихан Смайылов Үкіметтің кешегі отырысынан кейін вице-премьер Тамара Дүйсенова мен Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев айтқан ақпараттан асырып ештеңе айтқан жоқ. АМТ-ны қай инвестор алатынын атамады. Келісім құпия екенін, 30 қарашаға дейін инвестордың аты аталатынын айтты. Шахташылардың туған-туыстарынан кешірім сұрады.
– АрселорМиттал Теміртауға бюджет қаражаты салынбайды. Алдағы үш жылда инвестор ол кәсіпорынға 3 млрд доллар инвестиция салуы керек. Оның 1,3 млрд долларын бірден салғаны талап етіледі, – деді ол.
Премьер-министрден лудомания туралы да сұралды. Қосымша құн салығын не себепті 12 пайыздан 16 пайызға дейін Үкімет көтергелі жатқаны жөнінде сауал болды. Үкімет басшысының сөзінше, алдағы уақытта Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттері азаяды. Сол себепті Үкімет қажеттілікті ҚҚС мөлшерін көтеру жолымен жапқалы отыр. Кезекте әлі де ондаған журналист үкімет басшысына сұрақ қойып үлгермеген. Кезекті сұраққа жауап берген премьер-министр есік жаққа беттеді. Осы кезде журналистер наразы бола бастады.
– Әлихан Асханұлы, неге қашып барасыз?
– Сіз ең жабық үкімет басшысысыз.
Осындай сөздер премьердің артынан айтылды. «Орныңызға қайтып, сұрақтарға жауап беріңізші» деген өтінішті орындамай, Үкімет басшысы кетіп қалды.