Жыл соңына дейін бір жарым ай қалды: Смайылов министрлерді асықтырды

Аян Өрібай

Смайыловтың кабмині үкіметте бүгін 11 айдың экономикалық көрсеткіштерін қорытындылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Үкіметте есеп берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты өсімі – 4,9% құраған. «Нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді дейді» ол.

Ресми мәліметке қарағанда, мұнай және табиғи газ өндіру есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсім 6% асқан. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3% жоғары болды. Машина жасау 27%, оның ішінде автомобиль жасау 42% өскен. Тоқыма бұйымдары өндірісінің ұлғаюы есебінен жеңіл өнеркәсіпте 12%-ке жуық айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. Өндірісте пластмасса бұйымдарын өндіру – 5,5%-ға, азық-түлік өнімдері – 3% және сусындар өндірісі шамамен 2%-ға өсті. Құрылыс секторында өсу қарқыны жоғары – 12,5%. 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, қызмет көрсету секторы бойынша сауда – 10%-дан астам, байланыс – 8% және көлік секторы – 7%-ға өскен. Тау-кен өндіруді есептемегенде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі – 17,5% болған. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.

«Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткіштерді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы жылға бөлінген қаражатты уақтылы игеруге көңіл бөлуі тиіс», - дейді ол.