Теңге тұрақты болады деп болжаймын – Қуантыров

Аян Өрібай

1993 жылы қолданысқа енгізілген сәттен бастап құлдыраған теңге бүгін де бір долларға шаққанда 457 теңге тұрады. Теңге алда да құлдырауы мүмкін бе? Әлде ұлттық валютаны күшейтетін факторлар бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Үкіметтің баспасөз орталығында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қойды.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Біз үш жылдық бюджетті бекіткенде ұлттық валюта құнын 460 теңге (долларға шаққанда) болады деп болжадық. Жалпы оның құны тұрақты болады деп болжаймын, – дейді Қуантыров.

Әлемде сауда текетіресі күшейіп, ірі мемлекеттердің бір-біріне салған санкциясы теңгені түбі қазірден де әлсіретпей ме деген сұраққа Қуантыров былай дейді:

– Былтыр геосаяси жағдай пайда болғанда біз бюджетке “корректировка” жасадық. Себебі макроэкономикалық сыртқы факторлар бізге әсер етті. Сол себепті бюджетке тиісті өзгерістерді жасадық. Содан кейін әлеуметтік-экономикалық даму бойынша бес жылға арналған болжамдарға тиісті өзгерістерді енгіздік. Әрқашан ондай құқығымыз бар. Керек болса, біздің резервтеріміз бар, – дейді Ұлттық экономика министрі.

Бүгін елде Ұлттық валюта күні. 1993 жылдың соңында алғаш қолданысқа енгізілген кезде бір доллар 4,69 теңге болған. Бүгін де бір доллар құны – 457 теңге.