«Инвестицияның 70% – Қазақстан үлесінде»: Үкімет Орталық Азиядағы осы лидерлікті қалай сақтап қалғалы отыр

Аян Өрібай

Астанада «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумы өтіп жатыр. Аталған форум Қазақстан мен халықаралық бизнес-қоғамдастық арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін Астанада ұйымдастырылған. Бұл жолғы тақырып - Аймақтың тұрақты өсіміне инвестиция салу, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет

Форумда сөз сөйлеген премьер-министр Әлихан Смайылов осы жылдың 10 айында еліміздің Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,9%-ті құрағанын айтады. Барлық негізгі салаларда оң динамика тіркелген. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12,6%-ке өсіп, 13,3 трлн теңгені құраған. Өңірлік деңгейде Қазақстанға Орталық Азия аймағындағы шетелдік инвестицияның 70%-і тиесілі.

«Былтыр тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ке өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың 6 айында ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингісінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық агенттіктері растап отыр», - дейді ол.

Смайыловтың сөзінше, Үкімет алдына 2029-шы жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есеге арттыру бойынша ауқымды міндет қойылған. Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029-шы жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Сол үшін Үкімет инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде, инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырмақ.

Үкімет бұл ретте, тиісті нормативтік-құқықтық базаны дамыту үшін мынадай шараларды қолға алып отыр.

«Мәселен, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Биыл заңнамада бизнес үшін 9 мың артық талаптар алынып тасталды және жыл соңына дейін тағы 1 мыңы қысқартылады. Тәуекелдерді басқарудың жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1-ші қаңтардан бастап тексерулер адами факторсыз тағайындалатын болады. Бұл шара, сонымен бірге, тексерулердің санын 2 есе азайтады. Жаңа салық кодексі шеңберінде инвесторларды алғашқы 3 жылда салық төлеуден босатуға бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі ерекше шаралар көзделіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кешенді бағдарламасы әзірленуде», - дейді ол.

Сонымен қатар, отандық өнеркәсіпті дамыту үшін сатып алуларда оффтейк-контракттардың үлесін 10%-ке дейін жеткізу жоспарланған. Инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы жоба аясында алдымыздағы 6 жылда 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Жобаларды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2029-шы жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары әзірленген. Күрделі мұнай-газ жобаларына инвестицияларды тарту мақсатында биылдан бастап Жақсартылған модельдік контракт аясында қаржылай ынталандыру механизмі енгізілген. Басым салалардағы құны 50 млн доллардан асатын инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде Қазақстан заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім бекіту мүмкіндігі бар.

Бүгінгі форум аясында экономиканың түрлі салаларында жалпы құны 1,6 млрд доллардан асатын 20-дан астам коммерциялық келісімдерге қол қойылады. Әлихан Смайылов бұл құжаттар өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі және инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығының бір дәлелі деп есептейді.