Әкімдердің қайсысы инвестиция тарта алмай жатыр
Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы түсімі 2021 жылдың алғашқы 6 айында 11,1 млрд АҚШ долларын құраған. Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада қай өңірлерге инвестиция көбірек түсіп, қай өңірлерде азайып кеткенін сараптап көрді.
ҮЗДІК «ҮШТІК»
Үкімет өңірлерге инвестиция тарту жұмысын әр әкімнің жеке жауапкершілігі ретінде қарастыратыны белгілі. Бұл жұмысқа кейінгі жылдары Сыртқы істер министрлігі де белсенді араласуға, консулдықтар арқылы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын шет елдерде насихаттауға міндеттелген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де шетелдік инвесторларға елде салық жүйесін реформалауды уәде еткені белгілі. Орталық Азия елдерінде инвестиция тартуда пандемиядан кейін бәсеке тіпті қыза түскендіктен, бұл жұмысқа бүкіл мемлекеттік құрылым араласа бастаған. Ал осы шаруаны өңір әкімдері қаншалықты атқарып жатыр?
Ұлттық банктің ашық дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың алғашқы 6 айында елге тартылған 11,1 млрд АҚШ долларының үштен бір бөлігі – Атырау облысына тиесілі. Махамбет Досмұхамбетов басқаратын мұнайлы өңірге 2021 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында шетелдік инвесторлар 3,5 млрд АҚШ доллар инвестиция салған. Пандемияға байланысты жалпы Атырау облысына былтыр 5,4 млрд АҚШ доллар инвестиция құйылып, бұл көрсеткіш 2019 жылмен (10,5 млрд АҚШ доллар) салыстырғанда екі есе азайғанын атап өту керек. Соңғы бес жылда шетелдік корпорациялардың ең көп инвестиция салған жылы – дәл сол 2019 жылы тіркелген.
Атыраудан кейінгі орында тізімде Алматы қаласы тұр. Халқы 2 миллионға жуық елдегі ең ірі мегаполиске жарты жылда 2,9 млрд АҚШ доллар инвестиция тартылған. Инвестицияның басым бөлігі оңтүстік астанаға екінші тоқсанда (1,7 млрд АҚШ доллар) салынған. Соңғы үш жылда Алматыға салынған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 5 млрд АҚШ доллардан кемімеген. Жыл басында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен инвестициялық климатты жақсарту үшін Инвесторларды тарту жөніндегі кеңес қайта қалпына келтіріп, оның құрамына шетелдік қауымдастықтардың да өкілдері енгізілген болатын. Ал осы жылдың шілдесінде қала әкімдігі жарты жылда Алматының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 126,5% өскенін хабарлады.
Атырау облысы мен Алматы қаласынан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы тұр. Жарты жылда өңірге 1,3 млрд АҚШ доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйылған. Әйтсе де 2017 жылдан бері облысқа тартылған инвестиция бірте-бірте азайып келе жатыр. 2017 жылы ШҚО-ға 2,9 млрд АҚШ доллар инвестиция салынса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 2,3 млрд АҚШ доллар, 2019 жылы сәл көтеріліп 2,4 млрд АҚШ долларды көрсеткен. Ал пандемия келген 2020 жылы инвестиция 2 млрд АҚШ долларға дейін төмендеген.
ОҢ ЖӘНЕ ТЕРІС ДИНАМИКА
Бюджетке шетелден миллиардтап (доллармен) инвестиция тартатын үш өңірден кейін тізімде төртінші Батыс Қазақстан облысы тұр. Алты айда БҚО-ға шетелдік инвесторлар 518 млн АҚШ доллар құйған. Одан кейінгі орындарда Павлодар облысы (513 млн АҚШ доллар), Қостанай облысы (496 млн АҚШ доллар), Ақтөбе облысы (410 млн АҚШ доллары), Нұр-Сұлтан қаласы (308 млн АҚШ доллар), Маңғыстау облысы (302 млн АҚШ доллар), Қарағанды облысы (272 млн АҚШ доллар), Түркістан облысы (137 млн АҚШ доллар), Алматы облысы (131 млн АҚШ доллары), Қызылорда облысы (101 млн АҚШ доллар) орналасқан.
Кейінгі жылдары өңірлердің ішінде Қарағанды облысына тікелей шетелдік инвестицияның азайып кеткенін байқауға болады. Мәселен, 2018 жылы бұл облысқа 647 млн АҚШ доллар инвестиция салынса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 432 млн АҚШ долларға, ал 2020 жылы 2018 жылдан қарағанда 10 есе, яғни 64 млн АҚШ долларға дейін төмендеген. Әйтсе де 2021 жылдың жартыжылдығында инвестиция салымы қайтадан оң өсімді көрсетіп, 272 млн АҚШ долларға жеткен.
ҰБ мәліметтері соңғы жылдары Маңғыстау облысына да салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі азайғанын көрсетеді. 2018 жылы аталған облысқа 1,4 млрд АҚШ доллары құйылған. Алайда барлық облыстан бұрын пандемияның дәл осы Маңғыстауға оңай тимегенін байқауға болады – 2020 жылы инвестиция көлемі 195 млн АҚШ долларына дейін төмендепті.
Инвестициялық өсім Түркістан облысында байқалады. Бұл өңірге 2019 жылы 145 млн АҚШ доллар салынса, 2020 жылы пандемияға қарамастан өсім екі есе артып, 315 млн АҚШ долларға өскен. Түркістанмен қатар өсім Қостанай облысында тіркелген. Бұл өңірге 2019 жылы 318 млн АҚШ доллар, 2020 жылы 473 млн АҚШ доллар тартылса, 2021 жылдың алты айында ғана 496 млн АҚШ доллар салынған.
АУТСАЙДЕР ӨҢІРЛЕР
Инвестиция тарту жағынан аутсайдерлер тізімінде Шымкент қаласы (64 млн АҚШ доллар), Ақмола облысы (25 млн АҚШ доллары), Жамбыл облысы (10,4 млн АҚШ доллар) мен Солтүстік Қазақстан облысы (7,6 млн АҚШ доллар) тұр. Үш мегаполистің бірі саналатын Шымкентке соңғы бес жылда инвестиция салымы 2017 жылы (294 млн АҚШ доллар) тіркелген екен. Содан бергі көрсеткіштер тек төмендеп барады.
Жамбыл облысында тікелей шетелдік инвестицияның ең көп көлемі соңғы бес жылда 2016 жылы (146 млн АҚШ доллар) тіркелген. Содан бері инвестициялық көрсеткіштер азаюда. Тізімдегі ең аутсайдер өңір – СҚО. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткішінде СҚО-ның 2020 жылғы кестесі 0,0 көрсетіп тұр. Ал 2021 жылдың 6 айында Құмар Ақсақалов басқаратын облысқа 7,6 млн АҚШ доллар инвестиция тартылған.
Еске сала кетсек бұған дейін Ulysmedia.kz порталы оқырман назарына елге ең көп инвестиция салған мемлекеттердің ондығын анықтап, соңғы 10 жылда елге салынған инвестиция көлемін жариялаған болатын.