Ашық VS жабық министрлер рейтингі: Халық үніне құлақ асатын шенеуніктер

Аян Өрібай

Шенеуніктердің ішінде халық үніне құлақ асатыны да, тілші көрсе тұра қашатыны да бар. Ал «еститін мемлекет» қалыптастырғысы келетін Тоқаевтың тапсырмасын министрлер қаншалықты орындап жүр? Ulysmedia.kz тілшісі қай министрдің халыққа ашық әрі жақын, қайсысы БАҚ өкілдеріне бейілді екенін біліп көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz

БАСПАСӨЗ ХАТШЫЛАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Өткен аптада журналистерден қашып, лифтке тығылған үкімет басшысы Асқар Маминнің әрекеті қоғамның біраз қызу талқысына түсті. Премьер-министр пандемияға дейін де көзге көріне бермейтін. Саяси карьерада орынтағына сайлау арқылы емес, тек тағайындалып келген үкімет басшысы халықтан да, БАҚ-тан да қаншалықты алыс екенін тағы да көрсетіп алды дейді сынаушылар.

Ал Мамин басқаратын министрлер кабинеті де халық пен тілшілерге қаншалықты ашық? Бұл сұраққа жауап табу үшін осыдан бір ай бұрын 18 министрге мына сұрақтарды жолдап көрген болатынбыз.

«Соңғы жарты жылда, яғни 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап сіз қанша рет және қай басылымға қай тілде сұхбат бердіңіз? Қай телеарналарға, қай тілде сұхбат бердіңіз? 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап халықпен неше рет кездесу өткіздіңіз? 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап Орталық коммуникациялар қызметінде қанша рет баспасөз мәслихатын өткіздіңіз?»

Министрліктерден келген ресми жауаптарға сәйкес, осы кесте толтырылды. Кестеде 2021 жылдың 1 сәуірі мен 30 қыркүйегі аралығы қамтылған:

БЕКТАНОВ: МЕНІ ЕШКІМ СҰХБАТҚА ШАҚЫРМАДЫ

Министрлерден жауапты бір ай күтуге тура келді. Ең бірінші болып жауапты Ақтоты Райымқұлованың баспасөз хатшысы жолдаған. Соңғы болып жауап жолдаған министрлер (нақтырақ айтқанда баспасөз қызметтері) – Әсет Ерғалиев, Алексей Цой мен Бағдат Мусин.

Сұрақтарға министрліктердің кейбірі нақты жауап бермеген. Бұл – баспасөз қызметіндегі мамандардың селқостығы деп болжаймыз, себебі кейбір министрліктер жауапты толыққанды әрі уақтылы жолдады. Мәселен, «Сіз қанша рет және қай телеарнаға қай тілде сұхбат бердіңіз» деген сұраққа Бейбіт Атамқұлов «әрдайым жариялануда» деп жауап берсе, Марат Бекетаев көбінесе министрлік қызметкерлерінің жұмысына меңзейді. Ал Мұрат Бектанов «сұхбат беру туралы ресми сауалдар болмағанын» алға тартады.

Ербол Қарашөкеевтың баспасөз қызметі өңірлерге сапары барысында жергілікті және республикалық деңгейдегі БАҚ өкілдеріне министрдің сұхбат бергенін жазғанымен, нақты санын көрсетпеген.

Мұхтар Тілеубердінің баспасөз қызметі «Министр отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті түсініктемелер мен сұхбаттарды тұрақты түрде беруде. Ақпарат 3 тілде, яғни қазақ, ағылшын және орыс тілінде беріледі» деп жауап берді. Алайда қай БАҚ-қа қашан сұхбат бергені көрсетілмеген.

Министрліктердің баспасөз қызметтерінің кейбірі министрінен гөрі сондағы қызметкерлердің БАҚ-пен жұмысын көбірек насихаттағаны (ол туралы сауалхатта сұрақ болмаса да) байқалады.

Жақында ғана жаңа лауазымға тағайындалған Мағзұм Мырзағалиев энергетика министрі болғалы БАҚ-қа сұхбат беріп, баспасөз мәслихатын өткізіп үлгермепті.

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙТІН МИНИСТРЛЕР

Қоғамда наразылық туған кезде жауапкершіліктен жалтарғысы келетіндер министрлер де баршылық. Мәселен, Ақтоты Райымқұлованың Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын әлі күнге дейін өткізбегенін де атап өтуге болады. Журналистер Орталық коммуникациялар қызметінің өкілдеріне Ақтоты Райымқұлованы шақыруды бірнеше рет сұрағанымен сұрағанымен, Жазғы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздік үшін ешкім жауап берген жоқ. Оның жанында азық-түлік бағасы жөнінде әлеуметтік желісі арқылы Бақыт Сұлтановтың мәселені жиі түсіндіріп отыратынын атап өту керек.   

Асхат Аймағамбетов апта сайын өз министрлігінің әртүрлі сұрақ бойынша жұмыс отырысын өткізеді. Ал жұмысы халықпен тікелей байланысты Серік Шәпкеновтан мұндай белсенділік байқалмайды.

Қазақ тілінде сөйлеуге шорқақ министрлер қатарында Әсет Ерғалиевты, Серікқали Брекешовты (жақында ғана мәжілісте сол үшін сын естіген) атасақ, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын шенеуніктердің қатарына Алексей Цойды, Мұрат Бектановты, Юрий Ильинді жатқызуға болады. Үкімет мен парламент отырыстарында осы министрлер баяндаманы тек орыс тілінде жасайды.

«Халықпен қанша рет кездесу өткіздіңіз?» деген сұраққа министрліктерден әртүрлі жауап келді. Кейбірі кездесудің нақты санын көрсетсе, кейбірі қанша азаматты қабылдағанын хабарлаған. Ал Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов «Президент Жарлығы мен Үкімет өкіміне сәйкес, Қорғаныс министрлігі халыққа есеп беру бойынша мәліметтерді ұсынбайтыны туралы хабарлаймыз» деп жауап берді.

ЖУРНАЛИСТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Кабминдегі қай министр бұқаралық ақпарат құралдарына ашық екенін тілшілердің өзінен сұрап көргенбіз. Sputnik.kz тілшісі Жания Уранкаева ең ашық министрлігінің үштігіне Асхат Аймағамбетов, Бағдат Мусин мен Мағзұм Мырзағалиевты қойды. Ал бұл бағытта аутсайдер министрлер ретінде Бейбіт Атамқұловты, Марат Бекетаев пен Серік Шапкеновты атады.

The Qazaq Times редакциясының тілшісі Асан Анарбайұлы болса алдыңғы үштікте Алексей Цойды, Асхат Аймағамбетов пен Бағдат Мусин десе, аутсайдерлердің қатарына Мұхтар Тілеуберді, Аида Балаева мен Марат Бекетаевты қойды.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Есімжан Нақтыбайұлы министрлердің қоғамға ашық болып көрінуінде PR-командасының да рөлі жоғары екенін айтады.

«Қызметінің бағыты, саладағы өзгерістерге мүдделі контингенттің саны мен сапасы да министрлердің жұмысын танымал етуге әсер етеді. Сондықтан Асхат Аймағамбетов, Бағдат Мусин, Бақыт Сұлтанов сияқты министрлердің үштігін салыстырмалы түрде «ашық министр» деп атауға болатын шығар. Бұл жерде олардың саладағы өзгерістер, өздерінің қандай да бір мәселе бойынша қабылдаған шешімдері туралы ұдайы әлеуметтік желіде жариялап отыратынын негізге алып айтып отырмын. Қалған министрлердің ашықтығы шамалас. Алексей Цойдың брифингілерге жеке өзі қатыспайтыны жиі сыналып жатты. Ерлан Тұрғымбаевтың БАҚ-қа шығу сиреп кетті. Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарынан кейін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы іздеген жұрт та, БАҚ өкілдері де көп болды. Ал министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті бір-біріне сілтеп жүріп алды», - дейді ол.

Vesti.kg порталының тілшісі Айнұр Коскина БАҚ-қа ашық үш министрдің қатарына Асхат Аймағамбетовты, Әсет Ерғалиев пен Юрий Ильинді қойды. Ал аутсайдер министрлер ретінде Алексей Цойды, Марат Бекетаев пен Ақтоты Райымқұлованы атады.

«Кез келген министрдің ашықтығының 90% оның баспасөз хатшысына байланысты. Егер баспасөз хатшысы БАҚ өкілдерін «өзіміз» және «бөтен» деп бөлмей, бәрімен жұмыс істеуге дайын болса, онда министр де БАҚ-тан басын ала қашпайды деген сөз. Бұл ретте баспасөз хатшылары қайта-қайта ауысса да, өзгере қоймайтын Асхат Аймағамбетовты ерекше атап өтер едім. Өйткені оның баспасөз хатшысы кім болса да, ол тілшілерден жалтарып көрген емес. Өз басым оның алғашқы баспасөз хатшысымен қарым-қатынасым жақсы болмаса да, Асхат Қанатұлы кетіп бара жатқан жерінен кері бұрылып «Айнұр, сұрағыңыз бар ма?» деп тұратын», - дейді Айнұр Коскина.