Темірдей төзім немесе ҚТЖ жұмысшылары мардымсыз жалақыға не үшін жұмыс істейді

Ulysmedia

ҚТЖ десе, қазақстандықтардың есіне пойыздары үнемі кешігетін, адам таситын вагондары қора сияқтанып кеткен, жұмысшылары ереуілге үзбей шығатын, апатты жағдайдан көз ашпаған компания елестейді. Жақында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жаңалықтардың лентасында тағы да алдыңғы орынға шықты. Оған себеп – деподағы екі бірдей жұмысшының пойыз дөңгелегі астында қалып, қаза табуы. Бұдан бөлек, ұжымдық ереуіл мен Президент атына жолданған видеоүндеу. Видеода қарапайым жұмысшылардың жұмыс орнындағы жаға ұстатарлық жағдайы ашық көрсетілген.

ulysmedia

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компанияның топ менеджерлері миллиондаған жалақы мен бас айналар сыйақы алғанда, маңдай терін сығып жұмыс істеген қызметкерлер тиын-тебен алуы керек пе? Жалақы, еңбек жағдайының сын көтермейтін тұстары бұрыннан айтылып келеді. Салада қордаланған мәселені Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Коммерциялық құпия

Биыл 21 қаңтарда таңертең суыт хабар жетті. Жамбыл облысындағы Жиделі-Берлік учаскесінде вагон депосының екі қызметкері Астана-Шымкент жолаушылар пойызының дөңгелегі астында қалды. Дайындық бекетінің бригадирі Тоқтағұл Истаев пен аға инспектор, вагон жөндеуші Талғат Қазабеков қаза тапты. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК баспасөз қызметі хабарлады.

- Пойыз машинисі апаттық тежегішті басқанымен, апаттың алдын алу мүмкін емес еді. Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына ҚТЖ комиссиясы аттанды. Тергеу басталды.

Тәжірибелі теміржолшылар (Истаевтың еңбек өтілі 29 жыл, Қазабековтікі 36 жыл) қалай опат болды? Бұл сұрақ ҚТЖ комиссиясын ғана емес, қарапайым қазақстандықтарды да ойға батырды.

Ulysmedia.kz редакциясы қайғылы оқиғадан кейін бірден «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на ресми сауал жолдап, қайтыс болған теміржолшылардың отбасыларына көрсетілетін көмек, еңбек жағдайлары, жалақы, әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпаратты сұраған.

Ұзақ үнсіздіктен кейін жауап та келді. Аппарат басшысы Серік Кеулімжаевтың қолы қойылған хатта «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-не қарасты 288 теміржол разъезі мен өткізу пунктінде 1712 қызметкер жұмыс істейтіні айтылған. Олардың кейбіреуі аптасына екі күн, кейбірі бір күн демалады. 

«Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы еңбек және ұжымдық шарттардың немесе жұмыс берушінің актісіне сәйкес белгіленеді», - деп жауап берген Кеулімжаев.

Бұл ретте ҚТЖ басшылығы ауысыммен жұмыс істейтін мамандық иелерін атап өткен.

– Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 73-бабына сәйкес, өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың рұқсат етілген ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін. Осылайша, үздіксіз тасымалдау процесіне байланысты жұмысшыларға ауысымдық жұмыс кестесі бекітіледі. Темір жол разъездерінде жұмыс істейтін мына мамандық иелері ауысымдық графикпен еңбек етеді: олар – разъездегі кезекшілер, вагон жөндеушілері және вагон инспекторлары.

Жұмысшылардың жалақысы туралы сұраққа компания басшылығы бұл коммерциялық құпия ақпарат дегенді алға тартып, жауап бермеген.

Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар

Бірақ берілген әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді айтқанда, компания басшылығы кеңінен көсілген. Ұжымдық шарт бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» қызметкерлеріне берілетін материалдық игіліктер тізбесі тұтас бір бетті алып жатыр. Мұнда Қазақстанның және жақын шет елдердің сауықтыру орталықтары – «Ақ тілек», «Жайлау», «Арман», «Мойылдыда», т.б. емделуге жеңілдікпен жолдамалар берілетіні айтылған. Шалғай теміржол өткелдерінің қызметкерлерін қызметтік көлікпен жұмысқа алып келу-кері апару, зейнеткерлерге тегін тіс протездеу; жолдама бойынша жұмысқа келген жас мамандарға, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға,  мерейтой жасына жеткен қызметкерлерге, «Чернобыль апатын жоюшыларға», «Ауған соғысы ардагерлеріне», 1 топтағы мүгедек зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған қызметкерлердің отбасыларына, бала тууға немесе асырап алуға байланысты материалдық көмек түріндегі көптеген төлемдер де бар.

Теміржолшылар жұмыс орнында қайтыс болған жағдайда жұмыс беруші олардың отбасыларына «қызметкердің жылдық жалақысының он еселенген, бірақ он мың АЕК-тен аспайтын мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді қоса алғанда, біржолғы жәрдемақы төлеуге» кепілдік береді.

ҚТЖ басшылығы айтқан ақпаратқа сенген болсақ, жұмысшылар әлсін-әлсін ереуілге шықпауы тиіс еді, өйткені мұндай игіліктер көп мекемеде жоқ. Алайда жалақыны көтеріңдер, еңбек жағдайын жақсартыңдар деп ереуілдетсе, онда басшылық берген жауаптың шындыққа сай болмағаны.

Тозығы жеткен құрал-жабдықтар

Жақында БАҚ беттерінде маңғыстаулық теміржолшылардың бейнеүндеуі шықты, онда олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Нұрлан Сауранбаевтан жалақыны 100 пайызға көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. 

Бес минуттық бейнероликте теміржолшылар өз жұмыс орнындағы бар шындықты бүкпесіз көрсеткен. 21-ші ғасырда мұның бәрі мүмкін еместей көрінгенімен, шындықтың аты шындық емес пе? Теміржолшыларға арналып демалыс орны ретінде салынған үй-жайға мал қамауға болар, алайда адам тұратын сиқы жоқ.

    «Сайөтесте біз техника сақтайтын гараждың шатыры опырылып түсті», - дейді теміржолшы Аманжан Құлбаев.

  - Ішке құлап түсті. Қалыпты жұмыс жағдайлары жоқ. Гараж апатты жағдайда. Жігіттер біздің екі УАЗ көлігіміз таңертең оталмай қалмасын деп үйлеріне апарып қояды. Жылы жерде тұрса, таңертең тез қызады ғой.

Теміржолшылар «Қазақстан темір жолы» компаниясына шұғыл тексеру жүргізуді талап етті.

   «Жұмыс істеуді білмейтін бастықтарды жұмыстан босату керек», - деді олар.

Бұл үндеу теміржолшылардың алғашқы наразылығы да емес. Жыл басында Жамбыл облысы Шу стансасындағы теміржолшылар жалақыны көтеруді талап етіп, құзырлы орындарға жүгінген. Олар инфляцияға байланысты жалақы мөлшерін 2024 жылы 50%-ға көтеруді сұраған.

ҚТЖ-дағы ереуілдер 2022 жылы және одан да бұрын болған. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Қауіпті әрі ауыр жұмысы үшін теміржолшылар тиын-тебен алады және олардың еңбек жағдайлары еш түзелген емес.

Теміржолшылардың өздері жұмыстан шыққысы келмейді. Өйткені шағын станцияларда жұмыс жоқ, темір жолда жалақы аз болса да, тұрақты. Теміржолшылар династиясы неге көп деп ойласаңыз, міне, себеп осындай. Өйткені шағын станцияда әкесі теміржолшы болған бала да ержеткенде осы салаға келеді. Басқа жұмыс орны жоқ.

Ақша бар, бірақ сәл шыдай тұрыңдар

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ топ-менеджерлерінің қомақты сыйақылары және ұлттық компанияның бастан асатын қарыздары – айта берсек, түбі жоқ шыңырау секілді. 

2023 жылдың желтоқсанында көлік министрі Марат Қарабаев ҚТЖ проблемалары жылдар бойы қордаланып қалғанын айтты. Тек жылжымалы құрамның (вагондардың) 60 пайызы тозған болып шықты.

«ҚТЖ» ҰК АҚ-ның БАҚ беттерінде жарияланған қаржылық есептері нағыз «жаға ұстатып», интернетті «жарған» ақпарат болды. Сауранбаев бастаған 15 адам (басшылық құрам) 2021 жылы 807 млн ​​теңге сыйақы алған. Сонда олардың әрқайсысы 54 миллион теңгеге жуық қаражатты сыйақы ретінде қалтаға басқан. Бұл басшылардың әрқайсысының айлық жалақысы - 4 миллион 480 мың теңге.

Бұл цифрлардың шындыққа қаншалықты жанасатынына баға беру біздің міндетіміз емес. Дегенмен ақпарат кеңістігінде жоғары жалақылар мен сыйақылар, сондай-ақ ұлттық компанияны басқарудың жемқорлық схемалары туралы ақпараттың пайда болуы бірінші рет емес. Өткен жылы көлік прокурорлары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалдарында сыйақылар мен төлемдерді заңсыз есептеу фактілерін анықтады.

 Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады. Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың айтуынша, ҚТЖ филиалдары өздерінде жұмыс істемейтін 742 қызметкерге сыйақы төлеп келген.

Былтыр сенатор Зәкіржан Кузиев ҚТЖ-ны адал бәсекелестік шарттарын бұзушы деп айыптаған.

- Инсайдеріміздің ақпаратына сәйкес, ҚТЖ шетелдік жүк жөнелтушілер мен экспедиторларға өз өтінімдерін «Кедентранссервис» АҚ және «KTZ Express» АҚ-ның аффилирленген ұйымдары арқылы қайта ресімдеуге шақырылады. Мұндай әрекеттер бәсекелестік шарттарын өрескел бұзу болып есептеледі және Кәсіпкерлік туралы кодекстің нормаларына қайшы келеді деп есептейміз», - дейді Кузиев депутаттық сауалында.

Кейіннен белгілі болғандай, ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны «KTZ Express» АҚ 2018 жылдан бері контейнерлік тасымалмен айналысады, бірақ мемлекетке бір тиын салық төлемеген.

Сыбайлас жемқорлық па?

«Сыйақысы» мол, «жалақысы» жоғары компанияның қарызы былтыр 2 трлн. теңгеге жеткен. ҚТЖ қазіргі табысымен бұл қарызды өтей алмайды. Мысалы, компания 2022 жылы 36,9 млрд теңге, 2021 жылы – 119,1 млрд, 2020 жылы – 16,2 млрд теңге табыс тапқан. Бұл қарызды төлеуге жетпейді. Сонда компанияның қарызы қалай жабылып жатыр?  «Қазақстан темір жолы» ҰК –ның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев «Самұрық-Қазына» холдингінің арқасында ҚТЖ-ның шетел валютасындағы қарызы 54-тен «30%-ға дейін» қысқарғанын айтты.

2023 жылдың ақпанында Бас көлік прокуратурасы «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Олар бизнеске кедергі келтірді деген күдікке ілінді. Келтірілген шығын көлемі 1,5 миллиард теңгеден асты.

2022 жылдың қаңтар айының соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері ел президентіне анонимді түрде хабарласып, ұлттық компанияның жоғары лауазымды тұлғаларын жемқорлық, ұрлық және ақшаны заңсыз алу фактілері бойынша айыптады.

«Жыл сайын миллиондаған долларлар қазынаға түспей, теміржол көлігі саласын толығымен басқаратын бірнеше олигархиялық топтың қалтасына кетеді», - дейді үндеу авторлары.

Сонымен бірге, олардың айтуынша, бұл істе құқық қорғау органдары, прокуратура және қаржы полициясының ым-жымы бір, яғни «директорлар кеңесі мен басқарма басшылығының заңсыз әрекеттеріне құқық қорғау органдары көз жұма қарап отыр.

Теміржолшылардың айтуынша, бұған олардың туыстық қарым-қатынастары себеп. Олардың айтуынша, сол кездері компания басшылығы құрамында қаржы полициясы бастығының ағасы Әнуар Ахметжанов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің күйеу баласы Ерлан Қойшыбаев, бірінші вице-министрдің бауыры Армат Сұлтанов, ҰҚК комитет төрағасының бірінші орынбасары генерал Самат Әбіштің қайнағасы Едіге Мыханов т.б. болды.

Теміржолшылар өз хатында ҚТЖ басшылығы «KTZ Express» компаниясы арқылы қаражатты шетелге шығарып жатқаны жайлы да хабар береді.

    - Кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықты жыл сайынғы оңтайландыру арқылы, яғни штат санын қысқарту арқылы түзетуге тырысады. Компания басшылары байыған үстіне байып жатса,  техникалық персонал 100-120 мың теңгеге күн көруге мәжбүр.

ҚТЖ басшылығы жұмысшылардың жалақысын 25 пайызға көтеретінін жариялады. Бұл не басынғандық дейді теміржолшылар. Өйткені 100-120 мың алатын жұмысшының жалақысы 25 пайызға көтерілген күннің өзінде 125-150 мың теңге шамасында болады. Ал осы ақшаға отбасын асырау қазіргі күні мүмкін бе деп күйінеді қарапайым еңбек адамдары.

Соңғы оқиғаларға қарағанда, күнкөріске қатысты осынау сұрақ бүгін де өзекті болып қала береді.

Қысқаша ақпарат:

ҚТЖ – Қазақстан нарығындағы монополист компания. Бұл мемлекет ішіндегі барлық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын көлік-логистикалық холдинг. Компания жүк айналымы бойынша әлемде 15-ші орында. 2021 жылы тарифтік жүк айналымы 233 млрд тонна-километрді құрады. Еліміздегі жүк айналымының жартысы темір жол көлігінің үлесіне тиеді, ал теміржол көлігімен жасалатын жолаушы тасымалының 75 пайызы ҚТЖ үлесіне тиесілі.