Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

Ulysmedia

Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: elbasy.kz

elbasy.kz-ның мәліметінше, кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсырды. Ол тақ мұрагеріне бейбітшілікті, өңірлік тұрақтылық пен орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін берілді.

Өз кезегінде Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Елбасыға және Н.Назарбаев сыйлығын беру жөніндегі комитет мүшелеріне өзінің қызметін жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында қарым-қатынас орнату мен нығайтуға қосқан зор рөлі мен еңбегін атап өткен Абу-Дабидің тақ мұрагері бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ әңгіме барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты өзара пікір алысты.