Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

Ulysmedia

Бүгін Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі лаңкестік оқиғаға байланысты қабылданатын шаралар туралы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді, – делінген Ақорда таратқан ақпаратта.

Мәскеудегі теракт

22 наурызда қарулы лаңкестер "Крокус Сити Холл" концерт залына басып кіріп, "Пикник" тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырды. Осыдан кейін ғимаратта жарылыстар естіліп, өрт шықты. Ресей тергеу комитеті (РТК) 60-тан астам адамның қайтыс болғанын әрі бұл көрсеткіш артуы мүмкін екенін хабарлады. РТК террористік акт туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Кремль Ресей қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі, тергеу комитеті, төтенше жағдайлар министрлігі, росгвардия басшылары Владимир Путинге "Крокустағы" шабуылға қатысты тергеу барысы жөнінде баяндағанын хабарлады.

Бүгін таңға жуық "Крокустағы" шабуылдан зардап шеккендердің бәрі оқиға орнынан эвакуацияланғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Тікұшақтар өртті сөндіру жұмыстарын аяқтаған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Мәскеудегі теракттан қаза болған адам саны 60-тан асқан.

Мәскеуде Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 телефоны бойынша жедел желі жұмыс істейді.