ІІМ Ресейдегі терактіден кейін Қазақстанның сауда орталықтарын қалай тексеретінін айтты

Ulysmedia

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall концерт залында болған терактіден кейін адам көп жиналатын орындарды жоспарлы тексеру туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Pixabay/StockSnap

ІІМ басшысының орынбасары не деді

Сенат отырысында журналистер Игорь Лепехадан Қазақстандағы қандай нысандар террористік тұрғыдан осал деп танылатынын сұрады.

Бұлардың барлығы 500 шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары, концерт залдары лаңкестікке осал объектілер санатына жатады, бұдан басқа барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандары, яғни адамдар жиналатын барлық осындай орындар, - деді ол.

Лепеха бұған дейін бұйрық берілген барлық нысандарда қазір тексеру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.

Ол жерде бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Тексерілмегендерін қайта тексереміз, қожайындарымен сөйлесеміз, техникалық қуат мәселесін қарап, ұсыныстар береміз. Осыған байланысты жұмыс істеп жатырмыз, - деп жауап берді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Игорь Лепеха 1 қаңтардан бастап Қазақстанда елге келетін шетелдіктердің міндетті түрде дактилоскопиялық таңбалары енгізілгенін, қазір оның жұмыс істеп жатқанын еске салды. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасына өтпек болған 10 қылмыскер саусақ ізі арқылы анықталды.

Құқық қорғау органдары азаматтардың мінез-құлқына және лаңкестік әрекеттер кезінде өзін қалай ұстауға қатысты арнайы алгоритм әзірлей ме деген сұраққа Лепеха бұл жерде қандай да бір ұсыныс беру қиын екенін айтты. Ең бастысы, үрейленбеу, кетуге тырысу, жасырыну, мүмкіндігінше оқиға болған жерден кету, егер сіздің тиісті құзыретіңіз болмаса, әрекет етпеу.

Мектептер үшін Оқу-ағарту министрлігімен мұғалімнің сыныпта өзін қалай ұстауы, тосқауыл қоюы, сыртқа шықпауы, терезеден алыстауы керек деген алгоритмді белгіледік. Бірақ бұл өте қиын болса, жалғыз мүмкіндік бұл жерден тезірек кетіп қалу, - деп түйіндеді Лепеха.

Мәскеудегі теракт

22 наурыз күні кешке Мәскеудегі Крокус-Ситиде теракт болды. Белгісіз біреулер концерт залына кіре берістегі күзетшілерге оқ жаудырған. Содан кейін олар фойедегі көрермендерді атты. Қаза тапқандар саны жүзден асып кетті. Бұл лаңкестік оқиға ТМД елдеріндегі соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болған жағдайда Ресейдің құқық қорғау органдарына көмек көрсететінін айтты.

24 наурызда Мәскеудің Басманский аудандық соты "Крокус Сити Холлда" адамдарға шабуыл жасады деп айыпталғандарды қамауға алды.

22 наурыздағы шабуыл үшін жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобы өз мойнына алған. АҚШ шенеуніктері бұл оқиғаның артында "Уәлаят Хорасан" (УХ) аймақтық ИМ ұяшығы тұрғанын айтқан. 

Соңғы мәліметтерге қарағанда, теракттан көз жұмғандар саны 143 адамға жетті.