Үкімет қаулысымен Тимур Жиенбайұлы Қарағойшин зейнет жасына толуына байланысты өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның отставкаға кеткенін үкімет сайты жазды.
Бұған дейін Ulysmedia.kz “Forbes тізімінен «Бәйтеректің» ұшар басына дейін немесе Индустрия вице-министрі Қарағойшиннің бұған қандай қатысы бар” атты мақала жазған еді. Онда Тимур Қарағойшиннің ұлы Рустам Қарағойшин (Бәйтерек холдингінде) елдегі ең ықпалды бизнесмендердің қатарынан көрінетіні жазылған.
Тимур Қарағойшин 1961 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Технология, құрылыс, бағалау және сапа менеджменті университетін бітірген.
Қарағойшин еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Осы жылдары Орал облыстық атқару комитетінің сәулет және құрылыс комитетінде жылжымалы механикаландырылған колонналардың бригадирі, шаруашылық бюросының директоры және БҚО аудандық басқармаларында басшылық қызметте болды.
2001-2002 жылдары Экономика министрлігі Құрылыс істері комитетінің Батыс Қазақстан облыстық орталығының директоры болып жұмыс істеді.
2005-2007 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, 2008 жылдың қазан-қараша айлары аралығында әкімнің кеңесшісі болды.
2007-2008 жылдары -«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалының жобалау және күрделі құрылыс дирекциясының директоры қызметін атқарды.
2011-2013 жылдары Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментін басқарды. 2013 жылы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Құрылыстағы сметалық нормалар департаментіне жетекшілік етті.
«Мемлекеттік сараптама» мекемесінде басшылық қызмет атқарды.
2023 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін ҚР Индустрия эәне инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік құрылыс инспекторы қызметін атқарған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ulysmedia.kz порталы Тимур Қарағойшиннің ұлы – Рустам Қарағойшиннің «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның астық консорциумының бас директоры және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болғанын жазған еді.