Ерғалиевтің күлкісі мен Нығматулиннің ашуы: Кәсіпкерлер негізсіз айыппұлға ілініп кете жаздады

Аян Өрібай

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің интернеті жоқ ауылдағы кәсіпкерлерден электронды есепті талап етуі орынды ма?

Коллаж: ulysmedia.kz

Мәжіліс қабырғасында кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясаты едәуір талқыланды. Оған қатысты заң жобасын парламентте ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев қорғады.

ОРЫНСЫЗ ТАЛАП

Заң жобасын талқылау барысында депутат Вера Ким кәсіпкерлерге неліктен есепті, ақпаратты, хабарландыруды құзырлы органдарға электронды түрде ғана тапсырту міндеттеліп отырғанын сұрады. Депутаттың айтуынша, егер кәсіпкер оны орындамаса жауапкершілікке тартылады, айыппұл арқалайды.

«Алайда сол кәсіпкер хабарламаны немесе есепті электронды түрде жібере алмаса не болады? Мәселен, ол тұрған жерде интернет болмауы мүмкін ғой. Осыған байланысты менде екі сұрақ бар. Біріншісі, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне арналады. Біздің елде кең ауқымды интернетке қанша ауыл қосылған жоқ? Елдегі елдімекендердің бәрін 100% интернетпен қашан қамтисыздар? Екіншіден, сұрақ Әсет Ерғалиевке: депутаттар есепті қағаз және электронды түрде тапсыру керек деп есептейді. Бұл сұрақ бойынша сіздің позицияңыз қандай?» - деді ол.

1178 АУЫЛДА ИНТЕРНЕТ ЖОҚ

Бұл сұраққа жауап берген цирфлық даму вице-министрі Асқар Жамбақин бүгінгі таңда елде 6 341 ауылда интернет барын, 768 ауылда интернет әлсіз екенін, 1178 ауылда интернет жоқтығын мәлім етті. Оның айтуынша, осы 1178 ауылдың 617-і төмен орбитальды интернетпен қамтылады. Қалған 600 ауыл мобильді байланыс орнатылады.

Ал ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бұл тұрғыда депутаттардың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

«Есепті екі жолмен, қағаз және электронды формада тапсырылуы керек», - деді ол.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Әсет Ерғалиевке «соны парламентке келіп қана түсіндіңіз бе?» - деді.

Бұл сұраққа күле жауап берген министрге Нығматулин «жоқ мен, сенен шын сұрап тұрмын» деді.

МИНИСТРГЕ СЫН

«Атамекенге таң қаламын. Алдына министрлік заң жобасын әкелсе, келісе береді. Сіз қандай палатасыздар? Кәсіпкерлердің құқығын қорғау керек қой», - деді Атамекен өкілін сынаған мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулин интернеті әлсіз ауылдардағы кәсіпкерлердің мәселесіне көтерді.

«Бұл ұстаным емес! Министрлікке қарасаң, сол қолы жасаған істі оң қолы білмейді. Аталған талапты 1 қаңтардан бастап күшіне енгізбек. Қазір цирфлық даму министрлігі болса 2025 жылға дейін бірдеңе істейміз деп отыр. Ал ұлттық экономика министрлігі 1 қаңтардан бастап есепті электронды түрде тапсырмайтын кәсіпкерлерді жазаламақ. Ал Атамекен бұған келісіп отыр. Әлбетте, цифрлық есептілікке өту керектігін жақсы түсініп отырмыз. Күмәніміз жоқ. Алайда бұл жұмыс дайындықты талап етеді. Ең бастысы, бұл жерде нық интернет керек. Егер сапалы интернет болмаса, цифрлық есептілікке көшу туралы айтудың өзі артық. Айтпақшы, таяуда ғана мемлекет басшысы үкіметті дәл осы мәселе бойынша сынамап па еді?», - деп еске салды мәжіліс спикері.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, барлық жерде интернет бірдей емес.

«Қазір ауылдарда интернет сапасы нашар. Екіншіден, кәсіпкердің бәрі де электронды есеп беруге дайын емес шығар. Мысалы ауылдағы шағын дүкен иесі сол дүкеннің есепшісі де, сатушысы да өзі. Егер оның компьютері болмаса, ол цифрлық құжаттармен қалай жұмыс істейді? Тапсырмаса жауапкершілікке тартылады дейсіздер?» - деді ол.

Мәжіліс спикері кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтін мұндай нормалардың керексіз екенін ескертті.

«Сіздер не істеп жатырсыздар? Интернетпен ауылдың бәрін қамту мүмкін емес екенін біле тұра, қағаз есептілікті алып тастамақсыздар. Есептілікте хаос туындатасыздар ғой. Мұндай құжаттарды парламентке әкелгенде қалай ойланасыңдар? Талап қояды екенсіңдер, өздеріңе де талап қойыңдар! 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін интернетпен бүкіл ауылды қамтыңдар! Сол кезде мен түсінер едім. Ұлттық экономика министрі осындай құжатты бізге әкелгеніңді қалай түсінуге болады?» - деген Нығматулин заң жобасын жетілдіруді талап етті.