Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов өз ведомствосы жүргізген тексерудің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Смайылов не дейді?
Палата басшысы 2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болғанын, Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарғанын атап өтеді. Айтуынша, бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет.
– Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды. Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды, – дейді ол.
Смайыловтың сөзінше, 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған. Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 нысан бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.
“Үкіметті басқарған соң білемін”
Әлихан Смайылов сонымен қатар, бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салады. Сол кезеңде мен премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білетінін атап өтеді.
– Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді, – дейді ол.
Биыл депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып аудиторлар жұмысты жалғастырған. Жоспарланған макроиндикаторлардың жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмаған. Қажеттілікке қарамастан, өкінішке қарай, статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ.
– Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады. Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды. Бұл қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында ауытқуларға жол бермеу үшін сапалы әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отыр
Палата басшысы бюджеттік әкімшілер экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренгенін айтады. Алайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту призмасы арқылы әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отырғанын жеткізеді. Іс жүзінде бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны атқару кезінде де мұндай бағалауды ешкім жүргізбейді. Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында орын алған.
– Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет.
Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр.
Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады. Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде. Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек, – дейді ол.
Жазаланғандар
2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберген. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелген.