ҰБ төрағасы: жалақы өсіп, инфляцияға қысым жасауда

Ulysmedia

Еліміздегі еңбек нарығындағы өзгерістер баға белгілеуге әсер етіп жатыр. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фотода: ҚР ҰБ төрағасы Ерболат Досаев

Ол іскерлік белсенділіктің жақсаруы осы жылдың бірінші жартысында бос жұмыс орындарының 49%-ға көбеюіне ықпал етіп, сұраныс ұсынысқа қарағанда жылдам өсуде екенін мәлімдеді.

“Кейбір салаларда жұмыс орындарының бес ай қатарынан қысқаруы кезінде еңбекақының өскені байқалады. Қызметкерлер барынша қолайлы еңбек жағдайын, жоғары еңбекақы іздестіріп, жұмыстан шығуда”, – деді ҰБ басшысы.

Оның сөзінше, іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және қызметтің өзіндік құнында еңбекақының жоғары үлесін (50%) ескере отырып, еңбекақының көтерілуі инфляцияға қосымша қысым жасауда.

Ерболат Досаев Мемлекет басшысының 2021 жылы инфляцияны 8,5%-ға дейін тұрақтандыру бойынша қойған тапсырмасын еске алып, тиісті міндет үдесінен шығуға уәде берді.

“Бүгінгі таңда Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлар бағасының өсуіне басты назар аударуда. Алайда, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының құрамына кірмейтін, бірақ тұтынушылық бағалар индексінде салмағы үлкен және жылдың соңғы айларында қымбаттауға бейім азық-түлік тауарларына да назар аударған жөн”, – деп ескертті ол.

Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік бермек.