Еліміздің электр желілерін басқаратын ұлттық компания 2021 жылғы 10 қараша күнгі сағат 09:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанның энергия жүйесінде тұрмыстық, әлеуметтік маңызды нысандар тұрғысында шектеулер болмағанын хабарлады.
Бұған дейін Ulysmedia.kz өңірлерде электр қуаты сөндірілуі мүмкін екенін жазған еді.
Компания бұл ахуалды электр энергиясын тұтынудың жоғары қарқында өсуімен түсіндіріп отыр. Мәселен, 2021 жылдың өткен 10 айы ішінде, 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі Оңтүстік аймақ бойынша 11,6 %-ға, Солтүстік аймақ бойынша 5,7 %-ға және Батыс аймақ бойынша 7,5%-ға артқан.
“Ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1500 МВт-тан да асып тұр. Тұтынудың осылайша ауытқымалы өсуі ең алдымен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушылар үлесінің артуына қатысты”, – делінген компания мәлімдемесінде.
Мәселен, компания, Шығыс Қазақстан облысын электр энергиясымен қамтамасыз ететін “Шығысэнерготрейд” ЖШС-ның қуаттың нормативтен тыс (рұқсат етілген мәні 30 МВт болған кезде 110 МВт дейін) тұтынуына жол беріп отырғандығын мәлімдеп отыр.
Жасалған келісім-шарттарда көзделмеген электр энергиясы мен қуатын жоспардан тыс тұтынуды болдырмау мақсатында “БЭСК” АҚ-ға (бұрынғы “ШҚ ӨЭК” АҚ) рұқсат етілген шамадан тыс қуатты тұтынуға жол бермеу туралы нұсқау берілген.
“Бұл ретте 1-санаттағы өмірлік маңызы бар объектілер мен тұтынушыларды ажыратуға мүлдем жол берілмейді”, – деп сендіреді “KEGOC” өз сайтында.
Кешелі бері аймақтарда электр қуаты біршама уақытқа сөндірілгені жайлы ақпарат тараған еді.