Үкімет өңірлердің экологиялық түйткілдерін кешенді түрде тарқату мақсатында жол карталарын бекітті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің БАҚ басшыларымен кездесуіне сілтеме жасай отырып, Ulysmedia.kz хабарлайды.
Тиісті құжат нәтижесінде 2025 жылға қарай еліміздің 10 қаласында ауаның ластану индексі жоғарыдан орташаға төмендемек.
"Сонымен қатар 7 кәріздік-тазарту құрылысы мен 24 жаңа полигон салынады", - деді Үкімет жетекшісі Асқар Мамин.
Ал жаңадан қабылданған Экология кодексі аясында эмиссия үшін түсімдер 100% табиғатты қорғау шараларына жұмсалмақ.
Еске сала кетсек, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов ауасы ең лас 10 қаланы атаған болатын.
«Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішіндегі 10 қала атмосфералық ауа ластануының жоғары деңгейіне жатады. Олар: Нұрсұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Бұл қалалардың қатты ластануының себептері жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазалау құрылыстары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен реконструкциялаудың болмауы, көмірді пайдалану», - дейді ол.