Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс күні қалай өтетінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет басшысы күнде таңғы сағат бесте тұрып, спортпен айналысатынын айтады.
«Іссапарда немесе басқа жерде болсын, қашан да денемді шынықтырып жүремін. Мүмкіндік бар жерде спортпен күнде айналысуға тырысамын», - деді Асқар Мамин журналистермен кездесу барысында.
Сағат 07.15 кезінде премьер-министр Ерлан Тұрғымбаевтың баяндамасын тыңдайды екен.
«Күнде ол менен ерте келеді. Оның баяндамасынан кейін төтенше жағдайлар министрі Ильинмен әңгімелесемін. Ол да менен ертерек келіп, ақпаратқа қанығады. Жалпы министрлерге, олардың орынбасарларына менен бұрын жұмысқа келіңдер деп шарт қойған емеспін. Ондай жоқ. Әркім өз жұмыс кестесіне сай келіп, жұмысын атқарады. Бұл бағытта оларға талап қоймауға тырысамын. Жұмыс жүктемесі мен кестесіне сай өздері көреді. Мұнда тұрған түк жоқ», - деді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, премьердің жұмыс күні таңертеңнен түннің бір уағына дейін жалғасады.
«Күніміз жылдам өте шығады. Кездесулер мен әртүрлі отырыстар көп. Алайда өз басым ұзағынан өтетін отырыстарды ұнатпаймын. Байқасаңыздар, біздегі үкімет отырыстары бір сағаттан ұзамайды. Ары кеткенде бір сағатта тиісті мәселелер талқыланып, үкіметтің күн тәртібіндегі шаруалар қаралады. Сол себепті сағат 9-дан 10-ға дейін біз сейсенбі сайын үкімет отырыстарын өткіземіз. Содан кейін бәрі өз жұмысына кіріседі. Бұл әкімдерге де өте ыңғайлы.
Олардың өз кестесіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Олар да өз ретіне қарай жұмыс кестесін жүргізе алады. Бәрі де ережені біледі – 1 сағаттан аспауы, шамамен 45 минут болуы керек. Ал егер артық әңгімесіз ертерек аяқтауға мүмкіндік болса, ол тіпті жақсы. Сол себепті біздің жұмысымыздың форматы осындай», - деді үкімет басшысы.