Экономика & әлеумет: Қай әкім қай салада аутсайдер

Аян Өрібай

Үкіметте бүгін 2021 жылдың 11 айының, яғни қаңтар-қараша аралығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қорытындыланды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ресми дерекке сүйене отырып, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдегенін айтады. Сондай-ақ министр өңірлердің осы бағыттағы көрсеткіштері жөнінде мәлімет жариялады. Қай әкім қай салада жұмысын жандандырып, қай салада артта қалғаны осы отырыста айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

ИНВЕСТИЦИЯСЫ АЗАЙҒАН ӨҢІРЛЕР

Ерғалиевтің айтуынша, 11 айда негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 2,6%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 11,7% құраған. Инвестициялар құрылыс саласында 2,1 есе, өңдеу өнеркәсібінде 50,5%, ауыл шаруашылығында 40,5%, саудада 34,2%, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,6% және қаржы саласында 14,2% өскен. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалады.

Ал инвестиция тарту жағынан көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмендеген өңірлер үштігін Түркістан (-8,2%), Атырау (-12,9%) және Батыс Қазақстан облыстары (-17,9%) бастап тұр.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім үрдісі сақталыпты. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың қаңтар-қараша айларында сала бойынша өндіріс көлемі 5,2% өскен. 15 өңір бойынша оң өсім көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсім Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қызылорда облыстарында байқалады.

Бұл тұрғыда «минуста» тұрған өңірлердің қатарында Батыс Қазақстан (-3,9%) мен Түркістан (-5,0%) облыстары тұр.

ҚҰРЫЛЫС: ЕКІ ОБЛЫС ҮЛГЕРЕ АЛМАЙ ЖАТЫР

Ұлттық экономика министрі өткен 11 ай қорытындысы бойынша құрылыс саласы жоғары қарқынын сақтап, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6,2% өскенін айтады. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Алматы қаласы, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында тіркелген.

Аталмыш бағытта көрсеткіші ең төмен облыстардың басында Гүлшара Әбдіхалықова басқаратын Қызылорда облысы (-4,1%) мен Жеңіс Қасымбек басқаратын Қарағанды облысы (-10,2%) тұр.

АРТТА ҚАЛҒАН – АЛМАТЫ ҒАНА

Қазақстанда жыл басынан бері 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл ретте көрсеткіштің өсімі 10,6% құраған. Оң динамика 15 өңір бойынша тіркелген. Өңірлердің ішінде көрсеткіші «минусқа» кеткен бірден-бір қала – Алматы (-13,1%.)

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 2,5% төмендеген. Ең төмен көрсеткіштер ҚостанайСолтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалып отыр. Саладағы өндірістің оң өсімі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары көрсеткен.

10 ӘКІМНЕН ЖЕТЕУІ ОЗЫП ШЫҚТЫ

7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсім 7 өңірде – Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. 6 көрсеткіш бойынша өсім 9 өңірде байқалған. Олар Алматы қаласы, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Тек 5 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр.