Зейнетақы жинағын жастардың 6 %-ы ғана пайдаланды - Ләззат Ибрагимова

Ulysmedia

Зейнетақы қорындағы шекті сомадан асатын қаржыны «Отбасы банкінің» депозитіне аударғандар арасында жастардың үлесі аз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Бұл жайында ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» өткен брифинг барысында «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.

«Қазір 20 жасқа толмаған қанша адам зейнетақы жинақтарын ала алады?», деген журналист сауалына ол жастардың үлесі аз екенін атап өтті.

«21 желтоқсан күнгі мәліметке сүйенсек, 18 бен 29 жастағы азаматтардың 6 пайызы, яғни 22 278 жас зейнетақы қорындағы шекті сомадан асатын қаржыны пайдаланған. Қазақстанда орта есеппен 3 миллионға жуық жас бар десек, бұл өте аз. Орта есеппен 2 млн теңгеден олар 68 млрд жуық теңге аударған», - деді басқарма төрайымы.

Оның айтуынша, жоғары жалақы алатын жастардың басым көпшілігі IT бағытында жұмыс істейтіндер.

«Олардың көпшілігі IT-саласы бойынша ірі келісім-шарттармен жұмыс істейтіндер әрі жоғары жалақы алатындар», - деді ол.  

Еске сала кетейік, зейнетақы қорындағы шекті соманың көбейгеніне орай халық арасында наразылық артқан еді. Жаңа өзгеріс бойынша, келесі жылдан бастап 30 жастағы азаматтың зейнетақы қорында 4,37 миллион, 40 жастағыларда 5,79 миллион, 50 жастағыларда 7,43 миллион, 59 жастан асқандардың зейнетақы қорында 9,12 миллион теңге қалуға тиіс.