Зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй сатып алу үшін ең көп мөлшерде алынған артық зейнетақы мөлшері – 162 400 000 теңге, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы жинағына тұрғын үй сатып алуға қатысты ең ірі мәміленің сомасы 162,4 млн теңге болды.
«Бұл премиум-класқа жататын баспана болуы керек. Ал ең аз мәміленің сомасы – миллион теңгенің шамасында болды. Оны ауылды жерде немесе аудан орталығында пайдаланған секілді», - деді Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілгеннен кейін баспана сатып алу көрсеткіші күрт өскен. Соның салдарынан тұрғын үй бағасы да қымбаттады.
«2021 жылы сату-сатып алу келісімшарттарының саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп болды. Осы күнге дейін ипотекасыз 179 192 мәміле жасалды. Адамдар несие алмай, үйді толығымен сатып алды», - дейді ол.