Үкімет пен әкімдердің жұмысын азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз – Тоқаев

Аян Өрібай

Үкімет ғимаратында президенттің қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ақорда

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Кеңейтілген отырыс алдында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өте өзекті мәселелерге қозғалатынын айтты.

Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.

Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.

Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз, – дейді ол.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Баяндама жасаған премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда экономика өсімі 2024 жылы 4,8% деңгейді көрсеткен. Салалар ішінде ең көп өсім ауыл шаруашылығында (13%) тіркелген.

Бектеновтің сөзінше, ең жоғары өсімді Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы, Астана және Шымкент қаласында көрсеткен. Ең төменгі өсім Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысына тиесілі.

Мұнай өндірісі 2,4 млн тоннаға төмендеп, ЖІӨ өсіміне кері әсерін тигізген. Ірі кен орындарындағы күрделі жұмыстар мен ОПЕК+ келісіміне байланысты болған. 

КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫС

Үкімет ғимаратында президенттің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп жатыр. Отырыста 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады. Жиында премьер-министр мен ұлттық банк төрағасы, әкімдер баяндама жасайды. Журналистер өздеріне арналған екі залда тікелей эфирден отырысты көре алады. Үкімет кулуарынан министрлер мен әкімдерді көру мүмкін емес. Оларға сұрақ қою мүмкіндігі шектеліп отыр.

Кеңейтілген отырыс аяқталғаннан кейін вице-премьер Серік Жұманғарин, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен қаржы министрі Мәди Тәкиев баспасөз конференциясына шығады.