Ресейде тұтқындалды деген журналист Назгүл Кенжетайдың ағасы, философ Досай Кенжетай қарындасының босап шыққанын бөлісіп, қуанышты хабарын жеткізді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Белгілі заңгер Абзал Құспан да сүйінші сұрады.
«Жаңа жыл алдындағы сүйінші хабар! Қазір ғана хакастық әріптесім Аяс Тюньдешев бауырымнан хабар алдым. Бүгін, жоқ, осы қазір, апелляциялық алқа Назгүл Кенжетай қарындасымыз бен түркиялық бауырымыз Мухаммет Эминді босату туралы шешім қабылдады! Осы жолы ҚР Сыртқы істер министрлігіне респект. Досай аға, жеңіс құтты болсын!», – деп жазды адвокат.
Осыған дейін Назгүл Кенжетай әріптесімен Ресейдегі түркі қауымдарының өмірі туралы деректі фильм түсіріп жүргенде, Хакасия Республикасында тұрып жатқан қонақүйлерінің алдында экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімі ұстағаны, Ресейге кіру тәртібін бұзды деген айыппен Абақандағы уақытша ұстау орнына қамалғаны туралы жазған болатынбыз.