Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне бірқатар кезең қорытындысында биыл жаңадан 50 үміткер еніп отыр деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматы болу, жалпы еңбек өтілі – кемінде 5 жылдан кем болмау, жоғары білімінің болуы, орта деңгейден ( В1 ) төмен емес деңгейде мемлекеттік тілді білу талаптары қойылды. Резервте болу мерзімі - 3 жыл.
Резервке алынған адамдар Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда конкурс бойынша саяси лауазымдарға, «А» корпусының лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова резервке үміткерлер «дөкей» туысқаны болу ықтималдығы тұрғысынан тексерілгенін айтады.
«Біз оны міндетті түрде тексереміз және бізде жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары сияқты жоғары дәрежелі туыстары бар кандидаттар жоқ. Керісінше, расында мүмкіндігі жоқ жастар үшін әлеуметтік лифт жасағымыз келеді. Олар, әрине, конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметке өте алар еді. Бірақ Президенттік жастар кадрлық резерві арқылы келсе, неге болмасқа? Президенттік кадрлық резервке өткен адамдардың арасында жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары жоқ», – деді баспасөз мәслихатында ол.