Бюджет: «Астана Балет» 3,5 млрд, «Қазақ газеттері» 348 млн теңге алады

Ulysmedia

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев келесі 2022 жылы мемлекет қаржысын еш тендерсіз, яғни бәсекелестікке түспей, тікелей алушы тараптарды атады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz

Осылайша ұзын-сонар тізімде, мәселен, М.Айқымбаев атындағы айрықша қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы 8 293 805 000 теңге бұйырса, Ұлттық ядролық орталық 601 020 000 теңге алмақ. Талдау және ақпарат орталығы 1 093 255 000 теңге олжаласа, жай ғана жауапкершілігі шектеулі серіктестік мәртебесіндегі «Ghalam» компаниясы 182 947 000 теңге, ал Еуразиялық интеграция институты 101 417 000 теңге иеленбек. Ашық дереккөздерде «Ghalam» ЖШС қазақ-ғарыш бірлескен кәсіпорны екені жазылған. «Қазақ газеттері» ЖШС 348 660 000 теңге алса, «Астана Балет» театры тіпті 3 522 050 000 теңгенің игілігін көрмек.

«141,2 млрд теңгемен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы (2019 жылы – 181 402 419 000 теңге ред. еск.), 24 млрд теңгемен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы (2019 жылы – 21 079 633 000 теңге), 21,6 млрд теңгемен Қазақстан-Ресей «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны (2019 жылы – 1 037 676 000 теңге), 16,4 млрд теңгемен «Қазақстан су жолдары» РМКК, 15,5 млрд теңгемен Ұлттық олимпиада комитеті және 13,4 млрд теңгемен «Хабар» агенттігі (2019 жылы – 15 575 034 000 теңге) чемпион болып тұр», – делінген деректе.