Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды: оны Сәтқалиев басқарады

Сырым Қаржас

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Жарлыққа сәйкес Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

ЖАҢА АГЕНТТІК НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Агенттікке энергетика министрлігінде болған уран өндіру бөлігінде жер қойнауын пайдалану, атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі салаларындағы функцияларын және өкілеттіктері беріледі. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде энергетика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалады.

Президент қарауына агенттік төрағасымен бірлесіп агенттік туралы ереженің және оның құрылымының жобалары айқындалады. Үкіметпен бірлесіп энергетика министрлігінен және тиісті ведомстволық бағынысты ұйымдардан штат санын агенттікке қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар енгізіледі.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Жобалық кеңсенің қызметімен танысу барысында атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталып, Қазақстандағы АЭС саны үшеу болуы да мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Ал «Атом улаған дала» кітабының авторы, саясаттану ғылымдарының докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман, Олбани университетінің (SUNY-Albany) Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова Қазақстанның АЭС салуда «Росатомды» серіктес ретінде таңдаса – қазіргі уақыт ең қолайсыз кезең деп есептейді. Бұл пікірді ол Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында айтты.