Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құратын үкіметке кім жетекшілік етеді? Кабминдегі ескі кадрлар қала ма?
Бұрын теледидар мен әлеуметтік желілерден әлемнің түкпір-түкпіріндегі көтерілістер мен төңкерістерді көрсетіп жататын. Оларға ұқсас дүмпу бізді де айналып өткен жоқ – барыс жылы басталғанда барша әлемнің назары Қазақстанға ауды. Кейінгі бір аптада болған оқиғаларды сарапшылардың бірі жалпыұлттық көтеріліске теңесе, екіншісі мемлекеттік төңкеріс деп бағалайды. Қалай дегенмен, осы оқиғаның ашылмаған сыры әлі де көп.
...Елде не болғаны толық белгілі болмаса да, 11 қаңтарда мемлекет басшысы мәжілісте үкіметтің жаңа құрамын жариялайтыны хабарланды. Ел ішінде бұл да гу-гу әңгіме. Алды болжам жасап жатса, кейінгісі кабминнен кімді алып қалу керектігін айтысып жатыр. Маминнен кейінгі кабминде кім қалады? Соңғы өзгерістер саясат сахнасынан қай министрлерді ысырады? Сарапшылардан сұрап көрдік.
ЖАҢҒЫРУДЫ КҮТЕМІЗ
Белгілі экономист Жарас Ахметовке хабарласып көрдік алдымен. Сарапшы әңгімесін бір проблема барынан бастады. Айтуынша, Қазақстандағы үкіметтің міндеті тек техникалық сипатқа ие. Ол тек техникалық сұрақтарды шешеді. Экономиканың бағыт-бағдарын айқындамайды, ұйымдастырушылық-техникалық орган саналады.
«Елдің экономикасының бағыт-бағдарын қазір кім айқындайтыны шынын айтқанда, әлі түсініксіз. Үкіметті қайта құрылымдау, оның ел өміріне ықпалы туралы айтар болсақ, премьер-министр білікті әрі білімді, экономиканы жіті меңгерген кісі болуы керек. Оның шешімінің дәл қазір білікті сипаты болуы тиіс. Теориялық тұрғыда үкімет экономикалық саясатты жасап, оны жүзеге асыруы керек. Қаржы, экономика және индустрия министрлігіне сауатты, теориялық дайындығы мығым министрлер керек», - дейді ол.
Қазір бір топ министр өз міндетін атқарушы ретінде қызметінде отыр. Бір күннен кейін біразы орынтағымен қош айтысуы мүмкін. Жарас Ахметовтан министрлердің қайсысын қалдыруға болар еді деген сұрақты қойғанбыз.
«Мәселе қоғамдық резонансқа байланысты. Елде болған қайғылы жағдайлардан кейін менің ойымша, біздің бәріміз де үлкен жаңғыруды күтіп отырған секілдіміз. Жаңғырудың бір жолы ретінде үкіметті толық ауыстыруды қарастыруға болады. Тіпті ол үкіметте білікті басшылар болды дегенімізбен олардың бәрін ауыстыру керек. Себебі олар ескіліктің символы болып қалды», - деп ескертеді экономист.
ЖАСТАР ӨЗ ОРНЫН ТАБА АЛМАЙ ЖҮР
Ал депутат Ерлан Саиров кім премьер болып келсе де ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуы керектігін айтады. Мәжілісменнің айтуынша, 30 жылдан бері халықтың әлеуметтік жағдайына аса назар аударылмаған.
«Екінші мәселе, ауылдағы халықтың әлеуметтік деңгейін, олардың білімін жетілдіру керек. Ауылдан шыққан жастарға жұмыс тауып беру, білімін, кәсіптік білімін жетілдіру өте маңызды. Өйткені, кеше митингке шыққан азаматтардың көпшілігі өзіміздің ауылдардан шыққандар. Өкінішке қарай, ауылдың балалары Қазақстанда өмірдегі орнын таба алмай жүр. Қазақстанның саяси тұрақтылығына кері әсер етіп жатқан ең маңызды мәселелердің бірі осы», - дейді Ерлан Саиров.
Депутат сонымен қатар бүкіл ақшаның осыған дейін тиіміз жобаларға жұмсалғанын, ал ауылдарда қарапайым жол және әлеуметтік инфрақұрылым, интернет мәселесі шешілмегеніне назар аударды. Сол себепті мәжілісмен ең негізгі мәселе ретінде ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсарту мәселесінің қаралуы, үкіметтің жаңа басшысы осы мәселелерді жіті білетін саясаткер болуы керектігін жеткізді.
«Министрлер халыққа не істеп жатқанын түсіндіруге қабілетті болуы тиіс. Өкінішке қарай министрлер не теледидарға шықпайды, не халықтың ішіне барып дұрыс жұмыс істей алмайды. Олар коммуникацияны меңгерген, халықпен қалай сөйлесуі керектігін білетін азаматтар болуы тиіс», - деп атап өтті ол.
Ескі үкіметтің ішінде депутат жұмысына көңілі толатын шенеуніктердің қатарына Роман Склярды (үкімет басшысының орынбасары), Асхат Аймағамбетовты (Білім және ғылым министрі) және Бейбіт Атамқұловты (Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі) жатқызды.
«Аппарат, жүйе жұмыс істеп тұрса да, басшылары өзгеруі тиіс. Бұл дүниежүзілік тенденция», - деді ол.
ҮКІМЕТ БАСЫНА ҮМІТКЕРЛЕР
Ал сарапшы Ғазиз Әбішев ықтимал үкімет басшыларын атапты. Айтуынша, қазір премьер-министр болып отырған Әлихан Смаиылов бір қарағанда үкіметбасы болуы тиіс кандидат. Алайда сарапшының пайымдауынша, ол сандарды бір қағаздан екіншісіне көшіріп, 20 жыл бойы тыныш кабинеттен шықпаған математик-қаржыгер. Маминге дейінгі үкімет құрамында да ізі қалған.
«Оның тағайындалуы жаңа өзгерістердің келгенін қаншалықты паш ететіні тағы белгісіз», - дейді Әбішев.
Сарапшының назарына Қайрат Келімбетов те ілігіпті. Тәжірибесі мол математик-экономист. Түйіндемесінде партияны, президент әкімшілігіне жетекшілік еткені, үкіметтің экономикалық блогына жауапты болғаны, Самұрық-Қазынада, Ұлттық банк пен АХҚО-ны басқарғаны жазылған. Былтыр қыркүйектегі жолдауынан кейін президенттің оған Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің тізгінін бергені белгілі. Өткен жылы БАҚ-қа біраз шыққан Келімбетовтың соңғы қызметінен не үшін босағаны белгісіз.
«Бәлкім, оны жаңа тағайындауға дайындап жатқан болар» - деп болжайды сарапшы.
Ғазиз Әбішев сонымен қатар үкімет басына үміткерлер қатарына Өмірзақ Шөкеев, Ерлан Қошанов, Тимур Сүлейменов, Қанат Бозымбаев пен Даниал Ахметовты жатқызады. Байқағанымыздай, «ескі гвардиядан» да кандидаттар аталады.
«Бәрі де олардың атқарған жұмысына, жеке қарым-қатынасына, жұмыс істеуге даярлығына байланысты. Белгілісі – үкіметті өте үлкен әрі күрделі жұмыс күтіп тұр. Жаңа премьер елді әлеуметтік, экономикалық және бюрократиялық дағдарыстан алып шығуы керек», - деп түйеді сөзін Ғазиз Әбішев.
ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУІ ТИІС
Белгілі педагог, білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжан дәл қазір елдегі жағдайға байланысты жаңа үкіметтің шынайы әрі білікті жап-жаңа құрамы болуы керектігін атап өтеді.
«Сонымен қатар ол қазақ тілін білуі маңызды», - деп атап өтеді ол.
Сарапшы осы жолы бейбіт шеруге шыққандар толық қазақ тілді қауым екенін ескертеді.
«Бір қызығы, өткенде ең алғаш Жаңаөзен мен Ақтауда бейбіт шеру басталған кезде энергетика министрлігі брифингін орыс тілінде өткізді. Негізі күлкілі әрі ашу тудыратын дүние. Талап етуші жақ – толық қазақ тілді облыс. Ал жауап орыс тілінде. Бұндай жағдайлар келесі үкіметте болмауы керек. Сын сағатта мынадай жағдайда келе жатқан үкіметке түсетін салмақ та ауыр екені даусыз», - деп жазды әлеуметтік желіде Аятжан Ахметжан.
Ulysmedia.kz жаңа премьер-министрдің портретін жасап көрді. Яғни үкіметтің жаңа басшысы:
- елді әлеуметтік, экономикалық және бюрократиялық дағдарыстан алып шыға алатын;
- экономиканы жіті меңгерген;
- халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударатын;
- ауылдың, ауыл жастарының мәселесін назарға алатын;
- министрлерін халықпен коммуникацияны жақсартуға міндеттейтін;
- қазақ тілін жіті меңгерген әрі қазақ тілді ортаның мәселесімен етен таныс болуы керек!