Экономист Расул Рысмамбетов Қазақстанда Аймақтарды дамыту министрлігін құру керек деп есептейді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
– Үкімет басшысы ретінде кімді күтіп отырсыз? Үкіметтің жаңа құрамынан кабминдегі қай министрді көргіңіз келеді?
– Біздің президент өте салмақты әрі дипломат болғаннан кейін премьер-министр бір орында отырмайтын, қуаты тасыған басшы болуы тиіс. Бұл жолғы дүмпуде өңір әкімдіктері ғимараттарын басып алу жағдайлары облыстарда әкімдер орнында отыр ма, жоқ па деген мәселені қайта қарау керектігін көрсетіп берді.
Меніңше, Аймақтарды дамыту министрлігін құратын уақыт келген секілді. Сонымен қатар үкімет басшысының аймақтарды дамыту жөніндегі орынбасары да болуы тиіс. Ол вице-премьер тек аймақтарды дамытумен, аймақтардың өзара саудасымен айналысуы керек. Өйткені президент террористердің барын айтқанымен, алаңға карантин уақытында әбден кедей болып кеткен ашулы қарапайым азаматтар шыққаны да ұмыт қалмауы керек. Сол үшін олардың бәрін жұмыспен қамту керек. Біз қалаларда жұмыссыз адамдардың көптігін байқадық. Құрылыс жағынан қателік барын байқадық. Мәселен, Алматының ауқымы соңғы 10 жылда 2 есе өсіпті. Ірі мегаполистерге адамдардың көп келуін шағын қалалардағы жұмыссыздықтан көруге болады. Сондықтан, аймақтардағы қалаларға баса мән беру керек.