Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік желідегі парақшасында қызметтен кеткеннен кейінгі қоштасу жазбасын қалдырып, аталған лауазымда өткізген мерзімін «қызығы мен шыжығы қатар келген» деп атады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Құрметті достар, әріптестер! Мәдениет және спорт министрі лауазымындағы қызығы мен шыжығы қатар келген 2,5 жыл көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәтте өте шықты. Осы уақыт аралығында жүктелген міндеттерді адал әрі лайықты деңгейде атқара алдық деп айта аламын», – дейді ол.
«Алдағы уақытта іргелі еліміз қай салада да алдыңғы шептен көрініп, көркейіп, дами берсін! Лайым аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп тілегін жеткізді қазір креслодан ажыраған шенеунік.