Мемлекеттік хатшы жаңа Қазақстанды қалай көретінін айтты

Алдаберген Кемпірбаев

Таяуда ҚР мемлекеттік хатшысы болып тағайындалған Ерлан Қарин Қазақстанның жаңа келбеті тұрғысында тек мемлекеттік аппаратты жаңартумен ғана шектелмей, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту керектігін нұсқады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы трагедияға байланысты Президент сөзіне сілтеме жасаған ол, террористерге қарсы күрестің өткір кезеңінің аяқталғанын жеткізді.

«Бұған дейін Мемлекет басшысы өзінің халыққа үндеуінде адамдарды лаңкестік агрессияға тойтарыс беру және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі барлық іс-әрекеттер туралы құлағдар етіп отырған болатын. Ендігі үндеуі арқылы Президент ретіндегі билік бастаманы өз қолына қайтарып қана қоймай, жаңа күнтәртібін айқындады. Азаматтар, қоғам және беткеұстар топ үшін ертеңгі күннің бейнесі белгіленді», – деп ой өрбіткен Қарин Тоқаевтың қоғамды тың белестерге ынталандырып, жарқын болашаққа үміттендіргісі келетінін, өзекті мәселелер бойынша байыпты шешімдер ұсынуға талпынатынын атап өтті.

Осылайша, мемхатшының орыс тіліндегі жазбасынан түсінгеніміз, Ақорда барша жұртты, оның ішінде барлық саналы қоғамдық-саяси күшті жасампаздыққа, яғни жаңа Қазақстанды құруға қатысуға, бір шаңырақ астында шоғырланып, бірігуге шақырады.

«Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Бұл кейбір сарапшылар тұспалдағандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Радикализмнен, теріс көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, жасампаздық негізді нығайту. Қоғамдағы барлық мүмкін келіспеушіліктерді жеңу. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыруды да білдіреді. Мемлекеттік саясаттың гуманитарлық өлшеміне және адами капиталға басымдық беріледі», – деп тұжырымдады мемлекеттік хатшы.