Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Олар халқымыздың қауіпсіздігі үшін, еліміздің болашағы үшін өз жандарын құрбан еткен нағыз батырлар. Біз олардың ерлігіне тәнтіміз, ешқашан ұмытпаймыз. Олар халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сіздердің отбасыларыңыз назардан тыс қалмайтынына сөз беремін. Баспана болсын, балалардың оқуы болсын барлық мәселеге әрқашанда көмек көрсететін боламыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК шекара қызметі академиясының кафедра бастығы Андрей Кабдиновтің жары мен ұлына II дәрежелі «Айбын» орденін, Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Әлен Асылхановтың жарына, сондай-ақ Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция-жүргізушісі Ринат Камбетовтің жарына III дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.
Содырлар қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары бұдан былай біздің елімізде дәл осындай қайғылы оқиғаның болмайтынына сенім білдірді.