ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Марат Бақытжанұлы Бекетаев ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Марат Бақытжанұлы Бекетаев 1977 жылы 29 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген.
1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. 2000 жылы Лондон экономика және саясаттану мектебінде халықаралық бизнес құқығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. 2001-2002 жылдары дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2002-2003 жылдары дипломатиялық корпусқа қызмет көрсету бөлімінің бастығы болды.
Келесі жұмыс орны мемлекеттік қызмет істері агенттігі болды. 2003-2004 жылдары бөлім меңгерушісі, бөлім меңгерушісі және төрағаның кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2004 жылы ақпараттық-тестілеу орталығы директорының орынбасары болды. 2004-2006 жылдары Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың Еуразиялық орталығы директорының орынбасары және директоры қызметтерін атқарған.
2006-2015 жылдары мемлекеттік органдарда жұмыс істеген. 2006-2007 жылдары - Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі, 2007 жылы - Премьер-Министрдің кеңесшісі. 2007-2010 жылдары Әділет министрінің орынбасары. 2010-2015 жылдары Әділет министрлігінің жауапты хатшысы.
2015 жылдың 11 желтоқсанында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылдың 13 қыркүйегінен 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Әділет министрі қызметін атқарды.
«Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы» (2008) және «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ (2009) директорлар кеңесінің мүшесі.