Министр Бейсембаев отставкаға кете ме

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Министр Ғани Бейсембаев балалар үйіндегі жанжалдан кейін отставкаға кетуі туралы сұрақты жауапсыз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СҰРАҚ

Үкіметтегі брифинг кезінде Ulysmedia.kz тілшісі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан Алматыдағы балалар үйінен жетім балалардың күштеп шығарылуына байланысты қызметінен кетуге дайын ба деп сұрады.

– Бейсембаев мырза, әңгіме – жыл басынан бері көмек сұрап келген балалар туралы. Алайда сіздің министрлік тарапынан ешқандай реакция болмады. Ақыры жағдай ушығып, Президент Тоқаевтың тікелей араласуына тура келді. Балалар қатты күйзеліске ұшырады, ел дүрлікті. Мұндай жағдайға сіздің ведомство қалай жол берді? Мұндай шешімдерді қалай келістіңіздер? Осы уақытқа дейін неге көз жұма қарадыңыздар? Министрлік балаларға бәрібір дегенді бүкіл елге көрсетіп қойдыңыздар. Сіз жауапкершілікті мойныңызға алып, отставкаға кетуге дайынсыз ба? – деп сұрады журналист.

ЖАУАП

– Балалардың көшуі мәселесі бойынша әкімдікпен бірнеше келіссөздер жүргізілді. Белгілі бір алгоритм құрылды. Мәселе шешілген болатын. Бірақ соңғы сәтте... Қазір комиссия тексереді. Комиссияның нәтижесін күтейік, сонда қай жерде дұрыс емес шешім қабылданғаны белгілі болады, – деді министр, отставкаға қатысты сұрақты айналып өтіп.

КОНТЕКСТ

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінен жетім балаларды көшіру қоғамда ғана емес, Ақордада да үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы көшіру процесін тоқтатуды және қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Ulysmedia.kz бұл даулы істі тереңірек зерттеп, оның артында қандай мүдделер тұрғанын анықтауға тырысты.