Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен мақұлдау қажеттігін алып тастауды ұсынды

Ulysmedia

Сенатта Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Сенат Нұрсұлтан Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойғы төраға болу құқығынан айыру туралы мәжілісмендердің ұсыныстарын мақұлдады. Алайда ол заң жобасы тағы өзгеріс енгізу үшін Мәжіліске қайтарылды. Сонымен қатар сенаторлар мемлекеттік бастамаларды Елбасымен мақұлдау қажеттігін алып тастауды ұсынды.

«Сенаторлар заңнамаға енгізіліп отырған мемлекетіміздің Қауіпсіздік Кеңесін, Қазақстан Халқы Ассамблеясын мемлекет басшысы өзінің қызметіне сәйкес басқаруы тиіс деген өзгерістерді қолдады. Сонымен қатар заңды талқылау барысында бір норма енгізіліп отыр. Ол – «Тұңғыш Президент туралы» заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты  бастамаларды Елбасымен келісілуге тиіс деген норма алып тасталып отыр. Сондықтан да Сенат заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұжырымдамалы түрде қолдап, бір өзгеріспенен Мәжіліске қайтарып отыр»,- деп атап өтті сенатор Ләззат Сүлеймен.

Сенаторлардың бастамасын енді Мәжіліс қайта қарайды. Заң жобасы төменгі палатада мақұлданса, ол бірден президентке жолданады.