Тоқаев Қазақстанда бірпалаталы парламентке көшуді ұсынды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірпалаталы парламентке көшуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президент Сенатқа он жыл басшылық еткенін, бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санағанын атап өтті. 

- Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді.  Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын, дейді президент. 

Тоқаев 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болатынын, содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе алатынымызды айтты. 

- Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын, дейді Тоқаев. Ол бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім екенін, осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса беретінін атап өтті. 

Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады.  Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады, дейді президент.