Бейжіңде Олимпиада алауының эстафетасы басталды

Ulysmedia

Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындары алауының эстафетасы басталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz. 

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің мәліметінше, салтанатты рәсім Бейжіңнің солтүстігіндегі Олимпиадалық саябақтан бастау алды. Алау эстафетасын ресми түрде Қытай мемлекеттің кеңесінің бірінші вице-премьері Хань Чжэн ашты.

Ғаламдық пандемияға байланысты эстафетаның бағыты мен ұзақтығы біршама қысқартылған. Індет таралуының алдын алу мақсатында эстафетаға көрермендер қатысып жатқан жоқ.

Бұдан бөлек, алауды адамдар тұратын көшелер мен аудандардан алыс жерлерде алып жүру көзделген. Эстафета үш олимпиадалық кластер бойынша 12 кезеңнен тұрады. Алауды алып жүруге 14 пен 86 жас аралығындағы жалпы есебі 1200 алау ұстаушы қатысуда.

Сондай-ақ, тарихта алғаш рет алауды адамдар ғана емес, машиналар да алып жүреді.

Сонымен қатар, бүгін, яғни 2 ақпан күні Бейжіңде Ақ Олимпиаданың алғашқы іріктеу сындары да басталып кетті.

Олимпиада ойндарының ресми ашылу рәсімі 4 ақпанға жоспарланған.

Алайда, бүгін керлинг, шайбалы хоккей фристайл, сынды спорт түрінен алғашқы іріктеу жарыстары басталады. Ал 3 ақпан күні қазақстандық фристайлшылар жарыс алаңына шығады.

Еске салайық, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. Төрт жылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.