Ержан Бабақұмаровты жақындары ақтық сапарға шығарып салды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгін, 31 қазанда, елордадағы оң жағалауда 25 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнаған белгілі қайраткер Ержан Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі өтті. Ол әр жылдары Президенттің кеңесшісі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болған. Ulysmedia.kz тілшілері оның беделі мен атқарған қызметтерін ескере отырып, ақтық сапарға шығарып салуға ондаған шенеунік келеді деп ойлаған, алайда көрініс мүлде басқа болды.

Ержан Бабақұмаровтың туған-туыстары, жақындары және бұрынғы әріптестері жаназа намазын оқып, бақилық болған азаматпен қоштасты. Шамамен 70 адам жиналды. Араларында Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Ерлан Саиров, саясаттанушы Талғат Қалиев және қоғам қайраткері Тоғжан Қожалы болды. Қызметтегі лауазымды тұлғалар арасынан Ulysmedia тілшісі Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовты ғана байқаған.

Ержан Бабақұмаров кім еді?

Ержан Бабақұмаров – билік дәліздерінде салмақты тұлғалардың бірі болатын. Ол ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында ішкі саясат бағытын қадағалады. Кейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің негізін қалаушы және алғашқы басшысы, Президенттің кеңесшісі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Бабақұмаровтың еңбек жолы да, байланыстары да кең болған. Бір кезеңде оны Кәрім Мәсімовтің жақтасы деп санаған, алайда бірнеше қызметтік жолы Бақытжан Сағынтаевпен бірге өткен. Ол ішкі саясат мәселесінде әрі Назарбаевқа, әрі Тоқаевқа кеңесші болған.

Сондықтан да оның жерлеу рәсіміне аз адамның келуі көпшілікті таңғалдырды.

«Өз ортасында өзге болған»

Қаңтар оқиғасынан кейін Ержан Бабақұмаровтың мансабында күтпеген өзгерістер басталды. Алматы әкімдігінен кеткен соң ол қайтадан Орталық коммуникациялар қызметін басқаруға тағайындалды, бірақ жарты жылдан кейін қызметінен босатылды.

Анонимді Telegram-арналар «ОКҚ басшысы брифингтердегі бақылауды әлсіретіп, шенеуніктерді журналистердің өткір сұрақтары алдында қорғансыз қалдырды» деп жазған. Бұл, олардың айтуынша, «Жаңа Қазақстанның» беделіне нұқсан келтірген.

Бұдан бөлек, Бабақұмаровтың есімі журналист Махамбет Әбжанның ісінде аталған. Әбжан бопсалау және қорқытып алу айыбымен сотталған. Сол анонимді арналар Бабақұмаров «жеке өміріне қатысты мәліметтер жарияланбас үшін Әбжанға ақша төлеген болуы мүмкін» деп жазды. Бұл мәлімет расталмағанымен, ол бірнеше жыл бойы ақпарат кеңістігінен мүлде жоғалды. Ал бұл – оның атымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың байланыстырылатынын ескерсек, таңғаларлық жайт.

2025 жылдың басында ол тағы бір дауға ілікті – жол полициясы оны мас күйінде көлік жүргізгені үшін тоқтатқан. Сот Ержан Бабақұмаровты 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Біздің редакция 2025 жылы оны сарапшы ретінде пікір білдіруге шақырған. Бабақұмаров журналистерге жиі кеңес беріп, кейде сұхбат беруге келіскен. Сол жылы Ulysmedia.kz сайтында онымен бір көлемді сұхбат жарияланған болатын. Сондықтан оның қаза тапқаны туралы хабар бәрімізді есеңгіретті.

Анығы, Ержан Бабақұмаровтың қоғамға әлі де айтары бар еді. Оның өлімі жай ғана «мас күйдегі төбелес» нәтижесі емес екеніне сенетіндер көп. Әріптестері оны сыпайы, білімді және нағыз мемлекетшіл тұлға ретінде сипаттайды.

Еске сала кетейік, Ержан Бабақұмаров 56 жасында Астанада қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оны төбелес кезінде өлтіріп кеткен. Ulysmedia.kz редакциясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Иманды болсын.