Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды

Ulysmedia

Бұл туралы бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

“Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болуы керек. Оның алғышарттары – қоғам мен биліктің шынайы тазаруы, ақиқаттың ашық айтылуы, қателіктердің мойындалуы, мемлекеттік аппарат пен құрылымдардың олигополия өкілдері мен жемқорлардан тазартылуы болып табылады. Бұны, бүгін қоғам белсенді талқылап және оны мемлекет басшысы батыл түрде іске асыра бастады. Президентіміздің Қазақстанды жаңартамын, дұрыс арнаға бұрамын деген ақ ниеті бар. Ал, біз, ел болып оны бірауыздан қолдауымыз қажет!”, – деді депутат. 

Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты кешенді трансформациялау, ең алдымен, Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт.

“Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ресми түрде жариялаймыз!”, – деді ол. 

Депутат «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет ететінін атап өтті. Сондай-ақ, бұл топ Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушылармен одан әрі тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. 

“Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» - деген сөз бар! Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік!”, – деп түйіндеді Е.Жаңбыршин.