Қазақстан мен Ресей басшыларының жиі кездесіп, сөйлесуі әлемдік қауымдастық үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуінде екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары, оның ішінде мұнай-газ саласы да талқыланады.
– Жиі байланыс – мұндай жан-жақты қатынастардың, әріптестіктің және өзара тиімді ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі, – деді Песков екі ел көшбасшыларының тұрақты келіссөздеріне түсініктеме беріп.
Күн тәртібіне қатысты Кремль өкілінің айтуынша, тараптар өте кең ауқымды мәселелерді талқылайды.
– Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысымыз өте көл-көсір. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары егжей-тегжейлі талқыланады. Бұл ынтымақтастық өзара тиімді сипатқа ие, – деп қосты ол.
КОНТЕКСТ
Бүгін, 11 қарашада Тоқаев пен Путин Мәскеуде кездеседі. Келіссөздерден кейін олар Кремльде бейресми түскі дастархан басында жеке әңгімелерін жалғастырады. Қазақстан президенті Мәскеуде 12 қарашаға дейін болады.