АҚШ-та шот ашқан қазақстандықтар туралы ақпарат алу жеңілдемек

Ulysmedia

Бейсенбі күні жалпы отырыс барысында сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов сенаторларға құжатты ұсына отырып, заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да ұқсас компаниялардың қызметіне қатысты екенін хабарлады.

«Заңға сәйкес, АҚШ-тың қаржы ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялары бар барлық шетелдік қаржы ұйымдары АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті. Осы режимге қосылмаған жағдайда, егер төлемді алушы АҚШ-та салық салынатын тұлға болып табылса, ал аударылған қаражат АҚШ аумағындағы инвестициялармен байланысты табыс болса, халықаралық банк аударымдарынан аударым сомасынан 30% ұсталуы мүмкін. Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға және ашуға міндетті болады», - деді ол.

Қазақстанның келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Жақсылықов «аталған мәселе бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстан бюджетіне де оң әсерін тигізетінін атап өтті.

«Келісімге сәйкес, Қазақстан орталықтандырылған ақпарат жинауды көздейтін модельді неғұрлым оңтайлы етіп таңдады, өйткені осы модельді іске асыру: қаржы жүйесін бақылауды сақтауға; Қазақстанның азаматтары мен резиденттері туралы ққсас ақпаратты АҚШ-тан алуға; қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға; қаржы секторы үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Жақсылықов.